Жедел жәрдем көліктері жоғары жылдамдықта жүруге қорқады - Елжан Біртанов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жедел жәрдем көліктері жоғары жылдамдықта жүруге қорқады. Бұл туралы бүгін азаматтық сектордың өкілдерімен кездесуде ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жедел жәрдемнің барынша жылдам келуі және осы көмектің сапалы көрсетілуі маңызды. Өткен жылы біз жедел жәрдемді реформалау бойынша жобаны бастадық. Бұл бағыттағы жұмыстар бірінші кезекте жүктемені төмендетуге негізделген. Жедел жәрдем «дөңгелек үстіндегі» емханаға айналмауы тиіс, яғни бұл қызмет өзіне тиесілі жұмыстарды атқаруы керек. Сонымен қатар жедел жәрдемді созылмалы ауруларды емдеу үшін пайдаланбау қажет, ол үшін емханалар бар. Сондықтан заңнамалық түрде бұл шаралар өзара бөлінді. Өмірге қатер тудырмайтын созылмалы ауруларға байланысты жағдайлар емханаларға бағытталады», - деді министр.

Осы орайда, бұл норманы енгізудің арқасында жедел жәрдемге түсіп тұрған жүктеме төмендетіліп, олардың науқасқа жету мерзімі қысқарды.

«Жедел жәрдем көліктерінің ребрендингі жүргізілді. Біртіндеп барлығы бір түске келтірілуде. Сонымен қатар бұл көліктердің сиренасы әрқашан қосылып тұруын талап етудеміз. Мақсат неде? Бұл ретте көліктің барынша жылдам жетуіне назар аударылуда. Жедел жәрдем келе жатқанда, жолдағы өзге жүргізушілер, жаяу жүргіншілер дұрыс әрекет ете білуіміз керек. Анықталғандай, жедел жәрдем көлігінің тізгінінде отырған жүргізушілердің өздері науқасты жеткізу кезінде  жоғары жылдамдықпен жүре алмайды екен. Олар үшін бұл күтпеген жағдай болды. Қазіргі кезде оларға тиісті курстарды өткізіп жатырмыз. Астанада жүргізушілер өткізіп жатқанда да олар (жедел жәрдем) ары қарай қозғалуға сескеніп тұрғанын көрдік», - деп атап өтті министр.

Соңғы жаңалықтар