Жедел жәрдем көлігін шақырту жағдайы кей өңірде төрт есеге артты - министрлік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Гиният жедел жәрдем көлігінің жетіспеушілігі мәселесі әсіресе Алматы, Павлодар және Түркістан облыстарында өзекті болып отырғанын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде жедел жәрдем қызметін шақырту екі есе, кейбір өңірде төрт есе артты. Бұрын жедел жәрдем қызметтері күніне 15 мың адамға қызмет көрсететін еді. Соңғы аптада шақыртулардың саны екі есе өсіп, 30 мыңнан асты. Соның ішінде КВИ бойынша күдікпен шақырушылардың саны 14 пайызға өсті. Осы 14 пайыздың 33,7 пайызы стационарларға жеткізіледі. Қалған аурулар өздерінің жағдайларына байланысты амбулаториялық ем алу үшін емханаларға тапсырылады», - деді ол ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда жедел жәрдем көліктері жеткіліксіз.

«Барлығы 1967 көлік бар. Алматы, Павлодар және Түркістан облыстарында жедел жәрдем көліктері стандарт бойынша аз. Осы проблеманы шешу үішн жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, медициналық қызметкерлерді тасымалдау, дәрі-дәрмекті жеткізу, пациенттердің басқа да қажеттілігі үшін медициналық емес мемлекеттік ұйымдардың автокөліктерін, автопарктердің резервтерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар министрлік өңірлер үшін республикалық бюджеттен отандық өндірістің 807 автокөлігін сатып алуды ұйымдастырды», - деді ол.

Осы көліктердің бәрі де қыркүйек айының соңына дейін облыстардың бәріне таратылады.


Соңғы жаңалықтар