Жедел ішек ауруына шалдыққандардың көбі 2 жасқа толмаған бала - Ақтөбе

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Биыл Ақтөбеде 500-ден астам адам жедел ішек инфекциясына шалдықты. Оның 90% астамы бала, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ақтөбеде санитар мамандар жедел ішек инфекциясынан қорғану жолдарын түсіндіріп жатыр. Ең бастысы - жеке бас гигиенасын сақтау. Балаларға дәретханадан, көшеден келгеннен кейін, тамақ ішер алдында және үй жануарларын ұстағаннан кейін қолды сабынмен жуу ережесін жиі айтып, еске салып отыру керек. Ал ата-аналар балалардың сүт қоспаларын дайындаған кезде сапалы ауыз суды пайдаланғаны дұрыс. Баланы тамақтандыру кезінде жеке бас гигиенасын сақтау маңызды. Жазда тез бұзылатын өнімдерді пайдаланбаған абзал. Тамаққа онлайн тапсырыс беру де қауіпті. Бұл ережелер қарапайым болса да өте маңызды. Себебі биыл 5 айда 505 адамнан жедел ішек инфекциясы анықталды. Былтырмен салыстырғанда 1,1 есе өсім тіркелді.

«Әлсіздік, дене қызуы, іштің бүріп ауруы, жүрек айну, құсу, іш өту. Бұл клиникалық белгілері. Осындай жағдай кездессе дереу дәрігерге қаралу қажет. Ақтөбе облысы аумағында жедел ішек ауруына шалдыққан науқас адамдардың 99%-ы жасы 14-ке толмаған бала. Оның ішінде 90,6%-ы 2 жасқа дейінгі балалар. Науқастар негізінен үй жағдайында дайындалған тамақтың сақтау тәртібі мен мерзімдерін бұзған. Бұл жалпы науқастың 23,4%, құрады. Балаларға арналған сүт қоспаларын дайындау технологиясын және сақтау жағдайларының бұзылуы –13,3%, дұрыс жуылмаған, өңделмеген және бұзылған жеміс-жидек және көкөністерді пайдалану –12,5%, азық-түлік дүкенінен сатып алынған тағамның жарамсыздығы - 33,8%, қарапайым жеке бас гигиенасын сақтамау– 10,1% болған»,- деп хабарлады Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.


Соңғы жаңалықтар