Жедел бөлімшелердің сылбырлығынан интернеттегі алаяқтықпен күрес жақсармай тұр - Бас прокуратура

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматы, Қызылорда облыстарында интернеттегі алаяқтық бойынша қозғалған қылмыстық істерді созбалаңға салған басшылар жазалануы мүмкін. ҚР Бас прокурорының міндетін атқарушы Болат Дембаевтың Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауабында осындай мәлімет айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бас прокуратура аталған санаттағы қылмыстарға қарсы іс-қимыл бойынша мемлекеттік жəне құқық қорғау органдарының жұмысын талдап шығып, Ішкі істер министрінің атына заң бұзу фактілерін жою туралы ұсыным енгізді. Кінəлі тұлғалар, оның ішінде полицияның аумақтық бөлімшелерінің 11 басшысы тəртіптік жауапкершілікке тартылды», - деп жазылған Бас прокуратураның жауабында .

Айта кету керек, депутаттатық сауалда интернеттегі алаяқтықтың құрбаны болған жекелеген қазақстандықтардың басындағы нақты проблема туралы ақпарат берілген. Бас прокурордың міндетін атқарушы сауалда айтылған әр істің қазіргі барысы туралы мәлімет ұсынды.

«Сіздердің сауалдарыңызда көрсетілген қылмыстық істерге келер болсақ, 4 іс бойынша тергеу мерзімдері жаңғыртылғанын (Қызылорда облысы – Махамбетов пен Досқали; Ақмола облысы – Лейрих; Алматы облысы – Бостанжиева), 1 іс бойынша (Алматы қаласы - Керімқұлова) мерзімдерді үзу туралы қаулыны келісуден бас тартылғанын хабарлаймыз. Прокурорлар 2 қылмыстық іс бойынша (Алматы жəне Қызылорда облыстары) тергеуді созбалаңға салғаны үшін кінəлі адамдарды тəртіптік жауапкершілікке тарту туралы қадағалау актілерін енгізді. Олар қазіргі уақытта қаралып жатыр. Қалғандары бойынша істің барлық мəн-жайларын жан-жақты зерттеу үшін нақты тергеу əрекеттерін жүргізу туралы нұсқаулар берілді», - деп жазады Болат Дембаев.

Бас прокуратураның дерегіне сүйенсек, кейінгі үш жылда интернет-алаяқтық орта есеппен 65%-ға өсіп кетті. (2019 ж. – 7 769; 2020 ж. – 14 220; 2021 ж. – 21 405).

«Криминогендік ахуалды жақсарту мақсатында құқық бұзушылықтардың осы түрлеріне қарсы іс-қимыл бойынша Жол картасы əзірленді. Биыл қабылданған шаралар интернет-алаяқтықтың 18,5%-ға (11 843-тен 9 654-ке дейін) төмендеуіне ықпал етті. Алайда, жаңа алаяқтық схемаларының пайда болуына, сондай-ақ жедел бөлімшелердің оларды ашу жөніндегі жұмысының бəсеңдігіне байланысты ахуал жақсармай тұр. Анықтама ретінде: осы жылдың І тоқсанында интернет-алаяқтықтың 34,3%-ға (6 905-тен 4 539-ға дейін) төмендегені байқалды», - деп жазылған жауапта.

Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, пандемия кезінде елімізде интернеттегі алаяқтық 10 есе өскен .


Соңғы жаңалықтар