Жазықсыз тергеуге іліккен ақтөбелік Қаржы министрлігінен 1 млн теңге өндіріп алды

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік тұрғынға психотроптық заттарды сату мақсатында электронды ресурстарды пайдаланды деген айып тағылып, кейін дәлел болмаған соң прокуратура істі тоқтатуға өтініш түсірген. Қылмыстық іс тоқтатылғаннан кейін П. Қаржы министрлігінен шығынды өтеуді сұрады. Сот арызды қанағаттандырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қалалық соты азамат П-ның Қаржы министрлігіне берген моральдық және мүліктік зиянды өтеу туралы талап арызы бойынша азаматтық істі қарады.

Іс материалына сүйенсек, тергеу органдары П-ға бірнеше адам алдын ала сөз байласып, электронды ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы аса iрi мөлшердегі психотроптық заттарды өткізу үшін заңсыз иемденіп, сақтады деген айып тақты.

П-ның іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты прокурор тағылған айыптан бас тартып, қылмыстық іс соттың қаулысымен тоқтатылды.

«Тергеу кезінде талап қоюшы бірнеше ай қамауда болғандықтан, келтірілген моральдық және материалдық залалды өтеуді сұрады. Моральдық азаптың мөлшерін, талап қоюшының денсаулық, бостандық, ар-намыс және қадір-қасиет, жүріп-тұру бостандығы сияқты өмірлік маңыздылығы бар құқықтарын ескере отырып, сот П. пайдасына 300 000 теңге моральдық зиян, 600 000 теңге мүліктік зиян, 150 000 теңге өкіл көмегіне кеткен сот шығындарын өндірді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ»,- деп хабарлады Ақтөбе қалалық сотының баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар