Жазықсыз медбике ақталды - БҚО

None
None
ОРАЛ. 3 сәуір. ҚазАқпарат - Өзінің қызметіне адал, міндетін жауапкершілікпен атқарып, 27 жыл медбике болып жұмыс жасаған Сағира Иманғалиева аяқ астынан жазықты боламын деп еш ойламаған шығар.

Ол айналдырған бірер күннің ішінде айыпкер ретінде жауапқа тартылды.

Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, әуелі ол тосын оқиғадан есеңгіреп, өң мен түсін айыра алмай біраз жүрді. Айыптау қағаздары болса әп-сәтте әлденеше бетке қалыңдады. Дегенмен өзінің адалдығына бек сенген ол сотта соның бәрін дәлелдеуге тырысты.

Бәрі облыстық ішкі істер департаментінің есірткі бизнесімен күрес басқармасы қызметкерлерінің тексеруінен басталған. Полиция қызметкерлері өткен жылдың 19 ақпанында Орал қаласының іргесіндегі Круглоозерный ауылындағы психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мемлекеттік мекемесін тексерді. Осы мекемеде аға медбике қызметін атқарып жүрген С. Иманғалиева сол күні емдеушілердің бірін қалаға алып кеткен болатын. Онымен бірге медбике А.Есенғалиева да болған. Бұлар кешке жақын қайтып оралғанда, тексерушілердің есірткілік және психотроптық заттардың сақталу заңдылығына байланысты көптеген кемшілікті анықтағанын естиді.

Аты айтып тұрғандай, бұл мекемеде есірткілік дәрілер мен психотроптық заттар дәрігерлік мақсатқа үнемі пайдаланылады. Өйткені мұнда емделетін аурулардың көпшілігіне осындай дәрі-дәрмектер белгіленген. Медициналық бағытта пайдаланылса да, есірткінің аты есірткі. Сондықтан оның кіріс-шығысы қатаң қадағаланып, науқастарға мөлшерімен босатылып отырады.

Берілген дәрі-дәрмектің бәрі арнайы журналға тіркеледі. Онда алушының да қолы қойылады. Есірткілік және психотроптық заттар құлыптаулы темір жәшікте сақталады. Оның кілті медбикеде болады. Медбике өзі жауапты бөлімшеден белгілі бір себептермен алысқа шығатын болса, кілтті аға медбикеге, ол болмаса, мекеме директорының орынбасарына тапсыруы тиіс. Өзімен алып жүруіне болмайды. Себебі темір жәшіктегі дәрі-дәрмектер мұндағы аурулар үшін кез келген уақытта өте қажет болып қалуы мүмкін. Дәрі-дәрмектердің кіріс-шығысын аға медбике үнемі қадағалайды. Мекеменің әр бөлімшесіндегі медбикеден күн сайын есебін  қабылдап алып отырады.

Ал келіп тексерген полиция қызметкерлері ең бірінші есірткі және психотроптық заттар сақталатын темір жәшіктің кілті заң бойынша рұқсат берілмеген адамда жүргенін, екіншіден, ем-шара бөлмесі құлыпталып, мөрленбегенін анықтайды. Сондай-ақ «Фенобарбитал» психотроптық дәрісінің қалдық және босатылу саны арнайы тіркелген журналға сәйкес келмейтінін анықтапты. Сөйтіп, тексеру басталсын.

-Сол күні біз аяқ астынан өзіміздегі емдеушілердің бірін қалаға апарып қаратуымыз керек болды. Бұл күні бұрын жоспарланбаған еді. Сондықтан ем-шара бөлмесін мөрлеуге үлгермедім. Оны кешкілікте үнемі мөрлеп, таңертең келгенде тексеріп алатынмын. Тез кеттік дегенде апыл-ғұпыл мекеме директорының орынбасары А.Сатимовты іздедім. Ол орнында болмады. Сосын темір жәшіктің кілтін санитар Тілепберген Сәрсенғалиевке беріп кеттім. Оған кілтті директордың орынбасарына бер деп мұқият тапсырғанмын. Себебі белгіленген тәртіп бойынша темір жәшіктің кілті санитарда болуы тиіс емес. Оған заң бойынша темір жәшіктің кілтін алуға да, менсіз арнайы ем-шара бөлмесіне кіруге де болмайды. Әйтсе де, жеті жылдан бері осы мекемеде жұмыс істеп келе жатқан, ешқандай жаман қылығы байқалмаған Тілепбергенге сендім. Оның кілтті неге бірден директордың орынбасарына тапсырмағанын білмеймін. Бірақ тәртіппен, заңдармен жеткілікті таныспын. Аға медбике С. Иманғалиева есірткі заттарын сақтау, есебін жүргізу тәртіптерін күн сайын айтып ескертіп отырады, - деп ақталды сотта медбике А. Есенғалиева.

Тексерушілер аға медбике С.Иманғалиеваға есірткі және психотроптық дәрілердің есебі дұрыс жүргізілуін қадаламаған деген кінә тақты. Мекеменің екінші бөлімшесінің медбикесі С.Кашимова журналды толтырған кезде бесінші бетте емделуші М.Темірғалиеваға бөлінген психотроптық дәрінің мөлшерін көрсетпеген. Сондай-ақ осы журналдың жетінші бетінде екінші бөлімшенің медбикесі Д.Сүйінтиева емделуші М.Темірғалиева мен А.Ткаченкоға дәрінің қандай мөлшерде  бөлінгенін тағы көрсетпепті. Дәрі беруші мен алушының қолы ғана қойылған. Журналдағы есепті тексеріп қабылдаған С.Иманғалиева бұған баса мән бермеген. Мүмкін осындай жолмен есірткі заттарын қымқырған шығар деп жорамалдап, полиция қызметкерлері тергеу жұмыстарын бастайды.

- Мен осы салада 27 жылдан бері қызмет жасап келемін. Алматы медициналық училищесін бітіргенмін. Соңғы рет 2005 жылы біліктілік арттыру курсынан өттім. Екінші санаттағы медбике дәрежесін сонда алғанмын. Көп жылғы жұмыс тәжірибем болғандықтан есірткілік дәрілердің қатаң есеп кітапшасы бойынша бөлінетінін білемін. Медбикелер журналын күнделікті тексеріп отырдым. Қалдық дәрілер мен журналда босатылған санымен сәйкестігін де тексеріп отырдым. Дәрілердің жетіспей қалушылығы болған жоқ. Журналдың екі жерінде босатылу санын байқамай қалғаным рас. Бірақ жалпы есебі дұрыс болатын, - деді сотта С. Иманғалиева.

Не керек, арнайы құрылған бухгалтерлік-сот сараптамасы жіті зерттеу жүргізеді. Нәтижесінде есірткілік дәрілер жетіспейді деген болжамды жоққа шығарды. Басқа да қызметкерлердің ісінен қылмыстық әрекет байқалмайтыны жөнінде де сараптамалық қорытындылар жасалды.

Бұл істі қарау барысында барлық материалды жете зерделей келе сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 265-бабының, 1- бөлімі бойынша айыпты саналған С.Иманғалиеваны оның қызметінде қылмыстық әрекеттер болмауына байланысты кінәсіз деп таныды. Сөйтіп үш-төрт айға созылған сот залындағы шырғалаң әділдікпен аяқталды.

Орал қалалық сотының судьясы Ақсүйрік Сансызбаеваның айтуынша, адам баласы болғасын жұмыста кемшілік, ағаттықтар кетпей тұрмайды. Бірақ, кемшіліктің бәрін жөпелдемде қылмысқа, күмәннің бәрін күнәға жатқызуға болмайды. Бұл жерде жазықсыз жанды жапа шектіріп, сотқа негізсіз сүйрелегендерде де шалағайлық бар.

Соңғы жаңалықтар