Жазғы универсиада: Қазақстан қоржынына алтыншы медаль түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Италияның Неаполь қаласында өтіп жатқан Жазғы универсиада ойындарында Қазақстан қоржынына алтыншы медаль түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық желаяқ Михаил Литвин универсиаданың күміс жүлдегері атанды. Жеңіл атлет 400 метрлік қашықтыққа жүгіруде мәре сызығын екінші болып қиды. Оның көрсеткіші - 46,77 секунд. Бірінші орын мексикалық Валенте Мендосқа бұйырса, үздік үштікті Оңтүстік Африкадан келген Гардео Исакс түйіндеді.

Естеріңізге сала кетелік, бүгінгі күнге дейін біздің еліміздің қоржынына бес медаль түсті. Дзюдодан Ғалымжан Қырықбай чемпиондық тұғырға көтерілсе, күміс жүлдеге гимнастикадан Нариман Курбанов пен Милад Карими қол созды. Сондай-ақ, стенд атудан Зоя Кравченко күміс, Сәрсенкүл Рысбекова қола жүлдегер атанды.

Медальдар саны жөнінен жалпы командалық есепте Қазақстан 14 орында келеді. Көш басында Жапония, Қытай, АҚШ, Ресей және Оңтүстік Корея құрамалары келеді.

Жазғы универсиада ойындары 3-14 шілде аралығында өткізіледі. Оған әлемнің 170 мемлекетінен спортшылар келді. Универсиадада 5971 үміткер спорттың 18 түрінен 222 медаль жиынтығын сарапқа салады. Жарысқа қатысушылар футбол, баскетбол, волейбол, су добы, суда жүзу, суға секіру, спорттық гимнастика, көркем гимнастика, дзюдо, жеңіл атлетика, үстел теннисі, желкенді спорт, регби, нысана көздеу, садақпен ату, теннис, тхэквондо, семсерлесу секілді спорт түрлерінен бақ сынап жатыр.

Биылғы Жазғы универсиада ойындарында біздің еліміздің атынан 94 спортшы ел намысын қорғап жатыр. Олардың арасында семсерлесуден 18, жеңіл атлетикадан 16, тхэквондодан 15, садақпен атудан 8, нысана көздеуден 10, спорттық және көркем гимнастикадан 6, теннистен 4, дзюдодан 10, суға жүзуден 7 спортшы қатысуда.

Соңғы жаңалықтар