Жазғы универсиада: Дзюдошы Асқар Нарқұлов ел қоржынына төртінші медальді салды

None
ЧЭНДУ. ҚазАқпарат – Чэнду қаласында (Қытай) өтіп жатқан Жазғы универсиада ойындарында Қазақстан құрамасы төртінші медальді жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.

Дзюдошы Асқар Нарқұлов қола жүлдегер атанды: 73 келіге дейінгі салмақта үшінші орын үшін өткен белдесуде ол Қырғызстан өкілі Шыңғысхан Сағыналиевті жеңді.

Еске салайық, бұл Қазақстан үшін бір күндегі үшінші медаль. Бұған дейін, «қоланы» шағын калибрлі винтовкадан атудың шеберлері Константин Малиновский, Ислам Сәтпаев пен Шахторин Никита; тез атылатын пистолеттен ату дисциплинасында Чирюкин Никита алды.

Кеше дзюдошы Сұңғат Жұбатқан қола медаль жеңіп алып, ел қоржынына алғашқы медаль салған болатын.

29 шілде күнгі жарыстарды Қазақстан медальдар кестесінде 14-орынмен аяқтады.

Айта кетейік, Жазғы универсиадаға 93 қазақстандық спорттың 11 түрінен (садақ ату; оқ ату; жеңіл атлетика; спорттық гимнастика; дзюдо; көркем гимнастика; үстел теннисі; таеквондо; у-шу; жүзу; семсерлесу) қатысып жатыр. Ел құрамасы еліміздің 26 жоғары оқу орнының студенттерінен жасақталған.


Соңғы жаңалықтар