Жазғы спартакиада жарыстарының өтетін орны мен мерзімі белгілі болды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстанның VI жазғы Спартакиада жарыстарының негізгі легі ақпан айында Алматы қаласынан басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан күрес федерациясының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, биыл еліміздің Алматы, Семей және Талдықорған қалаларында грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша өтетін республикалық жарыстар өтеді.

Федерацияның мәліметінше, 2-8 ақпан аралығында Алматы қаласында «Балуан Шолақ» спорт сарайында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан Республикасының VI жазғы Спартакиадасы өтеді. Наурыз айында Абай облысы Семей қаласында 15-20 жас аралығындағы жастар белдеседі. Сәуір айында Жетісу облысы, Талдықорған қаласында (U17) және (U 23) жас топтары арасында балуандар кездеседі.

«Жергілікті атқарушы органдар, атап айтқанда дене шынықтыру және спорт басқармалары, жергілікті аккредиттелген федерациялар Қазақстан күрес федерациясының жазғы Спартакиада мен чемпионаттар өткізу туралы ұсыныстарын толық қолдады. Сондай-ақ, республикалық ресми жарыстарды өткізуде жан-жақты қолдау көрсетеді», - деп хабарлады ҚКФ баспасөз қызметі.

Еске салсақ, Қазақстан күрес федерациясы Алматыда 2-8 ақпан аралығында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан Республикасы VI жазғы Спартакиадасының бағдарламасын жариялаған болатын.


Фото: olympic.kz




Соңғы жаңалықтар