Жазғы демалыс – Ұлытау облысында қала сыртындағы лагерь жоқ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда мектеп оқушыларының 85,3% жазғы демалыспен және сауықтырумен қамтылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында айтты.

«Жазғы уақыттағы маңызды жұмыстардың бірі – балалардың демалысы мен сауықтыруын ұйымдастыру. Жазғы демалыс және сауықтырумен 1-10 сыныптар аралығындағы балардың 85,3% қамтылады, бұл – 2,8 млн баланы құрайды. Оның ішінде 500 мың жекелеген санаттағы отбасы балалары бар», - деді Оқу-ағарту министрі.

Оның айтуынша, қазір лагерлерде балаларды қабылдауға дайындық жұмыстары қызу жүргізіліп, аяқталуға жақын.

Каникулды асыға күткен балаларға қала сыртындағы 218 және 10,2 мың мектеп жанындағы, профилдік және шатырлы лагерлер есігін айқара ашады.

Ең көп лагерлер саны Батыс Қазақстан, Алматы, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалады.

Қала сыртындағы лагерь Ұлытау облысында мүлдем жоқ, ал Астанада екеу, Маңғыстау облысында – 3, Шымкент қаласында – 3 лагерь ғана бар.

«Бұдан бөлек, оқушыларға дәстүрлер мен мәдени құндылықтармен танысуға мүмкіндік беретін «Этноауыл», «Жаздық жолдама» жобаларын іске асыру, жетекші университеттер жанындағы жазғы және олимпиадалық резерв мектептерінің жұмысы көзделген», - деді Ғани Бейсембаев.

Айта кетейік, Қазақстанда 172 мың түлек мектеп бітіреді, оның ішінде 6,8 мың оқушы «Алтын белгіге» үміткер.

Бұған дейін Ғани Бейсембаев оқу жылының неліктен ұзартылғанын түсіндірген еді.


Соңғы жаңалықтар