Жазғы демалыс уақытын қалай қауіпсіз өткізуге болады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жаздың басталуына санаулы күндер қалды. Күнге қыздырынып, табиғат аясына шығып, серуендеу, балмұздақ алып, су айдындарына шомылу маусымын көпшілік асыға күтеді. Дегенмен оны қауіпсіз өткізудің жолдарын, сақтық шараларын да ұмытпаған жөн. Осыған байланысты Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитпеті бірқатар ақыл-кеңес ұсынады.

Орманға, саябаққа шығып, қала шуынан бір сәт демалып, табиғатпен үндесіп, күш пен шабыт жинай аласыз, алайда кенеден келетін кеселді де ұмытпаған дұрыс.

Бұл жәндіктер - түрлі инфекциялық аурулар – кене энцефалиті мен Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының тасымалдаушылары.

Еске сала кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын Түркістан облысы тұрғынынан аса қауіпті саналатын Конго Қырым безгегі анықталды.

Қазіргі таңда науқастың жағдайы аса ауыр, жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.

Кенеден сақтану үшін қандай шараларды ұмытпау қажет?

Киім біртекті ақшыл түстес болғаны дұрыс, себебі ондай киімнен кененің бар-жоқтығын байқау оңай.

Шалбардың балағын шұлықтың ішіне салу керек. Бұл эстетикалық тұрғыдан әдемі көрінбесі анық, есесіне дененің біраз бөлігі жабық, қауіпсіздікте болады.

Бас киім кию. Біріншіден, күннің өтіп кетуінен қорғайды, екіншіден, мойын мен шекені кене шағудан сақтайды.

Өзіңізді, достарыңыз бен бірге ертіп жүрген жануарлардың үстін жиі тексеріп отырыңыз.

Үйге келгеннен кейін де өзіңізді бастан-аяқ тексеріп шығыңыз.

Табиғат аясына киіп шыққан киіміңізді міндетті түрде тазалап алыңыз.

Егер өзіңізден кене тауып алған болсаңыз, үрейге бой алдырмаңыз!

Тез арада мұқият денеден алып тастаңыз. Май құюдың қажеті жоқ. Ең дұрысы пинцетті немесе дәріханадан кенені алып тастауға анналған құралды пайдаланыңыз.

Егер Сіз энцефалит немесе боррелиоз аурушаңдығы белсенді таралған аймақтан оралған болсаңыз, кенені сараптауға өткізіңіз.

Тез арада вакцина қабылдау үшін медициналық мекемеге жүгініңіз.

Тағы бір қауіп – ішек инфекциялары

Жаз мезгілінде күннің жылынуына байланысты тағамнан улану деректері жиілей түседі. Медициналық статистикаға жүгінсек, ауру көрсеткіші 40 және одан да жоғары көрсеткішке арта түседі. Аурудың алдын алу жолдары қандай?

Аптап ыстықта тез бұзылатын тағамдарды сатып алмаңыз: ірімшік, сүтқышқылды өнімдер, бәліштер, балық, суши, құйылмалы балмұздақ және майонезі бар салаттар.

Тағамдарды сақтау талаптары орындалмайтын, күмән келтіретін жазғы тамақтану орындарынан ауқат сатып алудың да өз қаупі бар. Есіңізде болсын, сатып алатын өнімнің құжатын сұрауға толық құқылысыз.

Бірқатар өнім күн ыстықта өз балғындығын жоғалтып, керісінше денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. Әсіресе, мұны кәуапқа етті маринадтау кезінде ескеру керек.

Жеміс-жидектерді мұқият жуыңыз.

Егер зиянсыз саңырауқұлақтарды таңдауда тәжірибеңіз болмаса тәуекелге бармағаныңыз дұрыс.

Тағамнан уланған кезде не істеу керек?

5-7 л көлемінде су ішіп, асқазанды жуу керек, кейін сорбент қабылдауға болады.

Тынығу.

2-3 сағат көлемінде тамақтанбау. Тек сұйықтық ішкен жөн.

Дене қызуын бақылауда ұстау.

Қажет болған жағдайда дәрігер көмегіне жүгіну.

Коронавирус инфекциясынан сақ болыңыз

Бүгінгі күні бұл инфекция бойынша елдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақты, дегенмен босаңсуға негіз жоқ, себебі вирус әлі де айналымда бар және мутациясы тоқтаған жоқ.

Бір апта бұрын Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың «Стелс-Омикрон» түрінің барлық өңірде бар екенін мәлімдеген болатын.

«Сәуір-мамыр айларында жүргізілген ПТР скринингтің қорытындысы бойынша коронавирустық инфекция штамдарының түрлі нұсқаларының айналымы анықталды. Барлық аймақтарда омикронның BA.1 штамы анықталды – 98,6 %, оның ішінде 12 өңірде «Стелс-Омикрон« BA.2 анықталды - 36,7%.Сондай-ақ, B. 1.617-like Delta штамм айналымы жалғасып жатыр. Ол зерттелген сынама санының 1,4%-ын құрады», - делінген хабарламада.

Өзіңізді және жақындарыңызды коронавирус иняекциясынан қорғаудың жалғыз жолы – уақытылы жасалған вирусқа қарсы вакцинация, ревакцинация.

Демалыс - керемет уақыт, ең бастысы күш-жігерді қалпына келтіру үшін қажет. Сондықтан оны қауіпсіз өткізу керек.


Соңғы жаңалықтар