Жаздың бес күнінде 17 адам суға кетті: Әлихан Смайылов жағдайға алаңдаушылық танытты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Үкімет басшысы Әлихан Смайылов суға кету жағдайларына қатысты алаңдатушылық танытты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазгидрометтің болжауынша, биыл жаз жылдағыдан ыстық болады. Әсіресе еліміздің батысы мен шығысында және оңтүстігінде аптап ыстық біразға дейін сақталмақ. Яғни, суға барып демалушылардың саны да артады деген сөз. Жаз енді басталды, ал еліміздің су айдындарында қаза тапқандар саны ұлғайып барады. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметі бойынша жаздың бірінші күні ғана 4 адам суға кетіп, мерт болды. Бір күнде 9 адам суға батып, 3 адамның денесі әлі табылған жоқ. Кеше тағы 4 адам суға батып кетті», - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

Премьер-министрдің айтуынша, қайғылы оқиғалардың дені шомылуға рұқсат етілмеген жағажайларда орын алған.

«Бұл шынымен де алаңдатарлық жағдай. Қазір шомылу маусымына дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Өңірлерде шомылуға қажетті арнайы орындар жабдықталып, жаңа жағажайлар салынып жатыр. Сондай-ақ, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін профилактикалық жұмыстар жүріп жатыр. Соған қарамастан судағы қайғылы жағдайлар азаймай отыр. Өкінішке қарай, елімізде жыл сайын 300-ге жуық адам суға кетіп, қайтыс болады. Оның 100-ге жуығы - балалар. Бұл қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін көрсетеді», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар