Жазда тағамнан уланудан қалай сақтануға болады - дәрігер кеңесі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мамандары жазда тағамнан улануан қалай сақтануға болатындығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаз - керемет жыл мезгілі. Бұл - демалыс басталып, ауылдағы ата-әжесінің үйлеріне қыдырып баратын, көкөністер мен жемістерге тойып, күн астында Д дәруменіне қанығатын кез. Мұндай кезде ешкімнің уланып, дене қызуы мен және жүректің айнуымен төсек тартып жатқысы келмейді. Ауаның жоғары температурасы, азық-түліктерді сақтау қағидаларын бұзу және гигиенаны сақтамау - асқазан-ішек жолдарының ауруына әкелетін негізгі себептер. Тағамнан уланудан қалай сақтану қажет және уланып қалған жағдайда не істеу қажет?

Тағамнан улану - бұл ас қорыту жүйесінің бұзушылығымен байланысты жіті ауру. Ол ағзаға ас арқылы түрлі микроорганизмдердің, көбінесе, бактериялардың түсуінен пайда болады. Уланудың көбісі тағамдарда алтын түстес стафилококк және ішек таяқшаларының жаппай көбеюі салдарынан туындайды. Улану көбінесе жарамдылық мерзімі өткен сапасыз азық-түліктерден, дұрыс жағдайда сақталмаған, немесе санитариялық нормаларды сақтамай даярланған тағамдардан пайда болып жатады. Аурудың басты себебі - бактерия тасу, технологиялық үдеріс, азық-түліктерді дұрыс сақтамау және тағы басқалары», - делінген аталған орталық таратқан ақпаратта.

Улану көбіне дайын тағамдардан - майонез және қаймақпен араласқан барынша көп компонентті салаттардан, кондитерлік қант қосылған кремді өнімдерден, тартылған еттен әзірленген тамақтан, сілікпелер және т.б тағамнан туындайды. Дайын астан бөлек, дұрыс жуылмаған жеміс-жидектер мен балғын көкөністерден де улануға болады, өйткені олардың сыртқы қабатында ішек инфекциясының қоздырғыштары қалып қалуы мүмкін.

Төмендегі 3 қағиданы сақтай жүрсеңіз жақындарыңызды жаз мезгіліндегі уланудан сақтауға болады:

Гигиена қағидаларын сақтаңыз:

- көшеден үйге келгенде, тамақ ішер алдында және дәретханадан шыққанда қолыңызды мұқият сабындап жуыңыз;

- көкөністер мен жеміс-жидектерді тұтынар алдында ағынды судың астында мұқият жуыңыз, ал кішкентай балаларға берер алдында қайнаған сумен жуыңыз;

- ыстық және салқын тағамдарды даярлағанда үй жағдайында гигиена қағидаларын сақтаңыз, азық-түліктің жарамдылық мерзімі мен дұрыс сақтау қажетті жағдайларын қадағалаңыз; әсіресе тез бұзылатын, шикі және дайын асты бөлек сақтаған жөн;

- шикі азық-түліктерді даярлау кезінде инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында арнайы пышақ пен турауға арналған бөлек тақтайыңыз болғаны жөн.

Асты қауіпсіз әзірлеңіз:

- егер өзіңізді нашар сезінсеңіз, дене қызуыңыз жоғары болса, нәжіс бұзылысы, жүректің айнуы, іштің ауруы болған жағдайда қонақтар мен отбасыңыз үшін әзірлемеңіз;

- жаңа әзірленген тағамды өткен күннен қалған тағам қалдықтарымен араластырмаңыз; егер тағам келесі күнге қалып қойса, оны тұтынар алдында жылумен өңдеп алу қажет (қайнатып алу немесе ысыту);

- ет, құс еті, жұмыртқа және теңіз өнімдерін мұқият және асықпай қайнатып, қуырып алыңыз;

- ас қалдықтарын, әсіресе салаттар мен тартылған еттен әзірленген тамақтарды 1 тәуліктен көп сақтамаңыз;

- кремді бәліштер мен торттарды тоңазытқышта сақтаңыз.

Тамақ сатып аларда мұқият болыңыз: Тағамды тексерістен өтетін жерден сатып алыңыз, бұл, әсіресе ет және балыққа қатысты. Сатуға рұқсаты жоқ және азық-түліктерге құжаттары жоқ танымайтын адамдардан, базардан азық-түліктерді сатып алудан бас тартқан жөн; Азық-түліктердің даярланған мерзімі мен жарамдылық мерзімін мұқият тексеріп алыңыз, дұрыстап қарап, сапасы мен балғындығын иіскеп тексеріңіз. Көгеріп, зең басып кеткен азық-түліктерді тамаққа мүлдем қосуға болмайды; Иістендірілген, дәмі күшейтілген, боятылған және басқа да химиялық қоспалар қосылған азық-түліктерді балалардың асына қоспаңыз; Көкөністер мен жеміс-жидектерді тұтынар алдында мұқият жуыңыз; Ішу үшін қайнатылған немесе бөтелкедегі ауыз суды қолданыңыз.

Жоғарыда аталған барлық кеңестерге құлақ асып пайдалансаңыз, жыл мезгілінде тағамнан уланудан сақтана жүресіз.

Есіңізде болсын, уланудың алғашқы белгілері анықталған жағдайда, шұғыл түрде медициналық көмекке жүгіну қажет.

Соңғы жаңалықтар