Жазда доллар бағамы қандай болуы мүмкін

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы мамырдағы кейбір индикаторларға қатысты қаржы нарығы кәсіби қатысушылары арасындағы кезекті сауалнама нәтижелерін ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

аржы нарығы кәсіби қатысушыларының, банк, сақтандыру, брокерлік ұйымдар өкілдерінің, талдау және қазынашылық бөлімшелері қызметкерлерінің пікірі зерттелген. Респонденттердің «Brent» маркалы мұнайдың бағасы, Ресей рублі мен Қазақстан теңгесіне қатысты, АҚШ долларының құны, инфляция, ЖІӨ, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі секілді негізгі индикаторлар бойынша болжамдар туралы сұрақтарға жауаптары ұсынылған.

«Ұлттық қордан шетелдік валютаны сату, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді міндетті сатуы (мамыр айында шамамен 1 млрд АҚШ доллары) және мамыр айындағы салық кезеңі бірлесіп, сыртқы факторлардың ұлттық валюта бағамына теріс әсерін ішінара теңестіруі мүмкін. Қаржы нарығының сарапшылары 2023 жылдың маусым айының басында USD/KZT бағамы бір доллар үшін 452,0 теңге болады деп болжайды, ал бір жылдан кейін – бір доллар бағамы 476,4 теңгеге дейін өсуі мүмкін (қазіргі доллар бағасына + 6,1%)», - деп жазылған Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының мақаласында.

Қаржы сарапшылары бір жыл бойы мұнай бағасының өсуін болжаса да, олардың шикізат нарығындағы бағаға болжамдары біршама нашарлады (бір ай бұрын барреліне 86,1 доллар болса, қазір 84,1 доллар).

«Айта кетейік, мамыр айының басынан бастап мұнайдың баға белгіленімі төмендеуді (-7%) жалғастырды, өйткені жаһандық нарықта мұнайдың тұрақты ұсынысы сақталып, АҚШ пен Қытай тарапынан шикізатқа сұраныстың төмендеуі күтіліп отыр. Сауалнамаға қатысушылар алдағы 12 айда Ресей валютасының бір доллар үшін 87,1 рубльге дейін 12%-ға әлсіреуін болжаған. Бұл геосаяси сын-қатердің сақталуына (ЕО санкцияларының 11-ші пакеті), Ресей Федерациясының сауда балансы профицитінің айтарлықтай төмендеуіне және шетелдік компаниялардың ресейлік бизнестен шығуына байланысты болуы мүмкін», - дейді қауымдастық.

Сонымен бірге, қаржы сарапшыларының мамыр айындағы болжамына сәйкес, бір жылдан кейін елдегі бағаның өсуі 12,6% болуы мүмкін, бір ай бұрын бұл көрсеткіш 14,4% деп болжанған еді.

Алайда, сарапшылардың көпшілігі мұның Ұлттық банктің 26 мамырдағы ақша-несие саясаты бойынша отырысында базалық мөлшерлемені төмендетуіне себеп болмайтынын айтады: респонденттердің 79%-ы оның қазіргі деңгейде сақталуын күтеді және тек 21%-ы төмендеуді болжаған.

Мұнайдың жоғары бағасын болжау аясында (қазір 73,5 доллар) алдағы 12 айда ЖІӨ өсімі бойынша болжам бір ай бұрын 3,6% болса, қазір 3,8%-ға дейін көтерілген.


Соңғы жаңалықтар