Жазатайым оқиғалардан жапа шеккен төрт мыңға тарта азамат сақтандыру компанияларынан өтемақы ала алмай қалуы мүмкін - ҰБ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жазатайым оқиғалардан жапа шеккен төрт мыңға тарта азамат сақтандыру компанияларынан өтемақы ала алмай қалуы мүмкін.

Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және исламдық қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында мәлім болды.

ҚР Ұлттық банкі Төрағасының орынбасары Данияр Ақышевтың айтуынша, заң жобасымен жазатайым оқиғалардан қызметкерлерді міндетті сақтандыру шараларын жетілдіру қарастырылып отыр. Бұл ретте ҰБ өкілі міндетті сақтандырудың қолданыстағы үлгісі теңгерімді емес әрі әлеуметтік және жүйелі тәуекелдердің жоғары деңгейіне ие екенін атап өтті. «Бұған мысал ретінде Альянс-полис сақтандыру компаниясының «АрселорМитталТеміртау» жұмысшыларына төлемді тоқтату фактілерін, еңбекті қорғау саласындағы көптеген заң бұзушылықтардың орын алуын алға тартуға болады. Жалпы, Ұлттық банк пен сарапшылардың бағалауы бойынша сақтандыру компаниялардың қордаланған шығындары 80 млрд. теңге деңгейінде күтіледі. Бұл сақтандыру компанияларының өз қаражаттары мен резервтерінен 38 млрд. теңгеге артық. Бұндай шығындарды қысқа және орта мерзімде өтеу сақтандыру компанияларының жойылуына әкеп соғуы мүмкін. Соған сәйкес, негізгі бөлігін металлургия саласының 3 мың 941 жапа шеккен қызметкерлері өтемақыларын ала алмай қалуы мүмкін. Бұдан бөлек, аталған компанияларда зейнетақы аннуитеттерін алу кезегінде тұрған зейнеткерлердің өзі 32 мың адамды құрайды. Оларға да төлем тоқтатылуы әрі соның салдарынан әлеуметтік наразылық туындауы мүмкін», - деді Данияр Ақышев.

Оның айтуынша, осыған орай бүгінгі күні Үкімет пен Ұлттық банк бірлесе отырып, міндетті сақтандыру проблемасын тұжырымдамалы түрде шешу жолдарын қарастыруда. Атап айтқанда, жүйеге сақтандыру төлемдерін оңтайландыруға, үйлестіруге бағытталған параметрлік өзгерістер енгізу қарастырылады. «Екіншіден, азаматтардың өмірі мен денсаулығына зияны тигені үшін өтемақы төлеудің бірыңғай тәртібін бекіту ұсынылады. Бұл негізінен тұтыну бағаларының өзгеруіне байланысты болып табылады. Үшіншіден, шығындардың нақты статистикасын есепке ала отырып, сақтандыру тарифтарын белгілеу қарастырылады. Бұдан бөлек, тегін медициналық көмекті есепке ала отырып, емдеуге кететін шығындардың орнын жабу көзделеді», - деді Д. Ақышев.

Соңғы жаңалықтар