Жазасын өтеп шыққан ақтөбелік жеке кәсібін ашты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында жазасын өтеп шыққандар мен бақылауда жүрген адамдарды жұмысқа орналастыруға көп көңіл бөлінуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұғалжар ауданының тұрғыны Қ. Ілиясов 2010 жылы кісі өлтіргені үшін түрмеге қамалды. Бала кезден спортты серік еткен ол бір сәтте ашуға бой алдырып, оқ атқаны үшін жазасын алды. Абақтыда отырған кезде тегін цехында еңбек етті, мәдени, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, мерзімінен бұрын босап шығу үшін сотқа қайта-қайта арыз түсінді. Бесінші рет жазған арызы қаралып, мақұлданды. Қазір ол пробациялық қызметтің бақылауында жүр.

«Ол вахталық әдіспен жұмыс істеп жүріп, «Бизнес бастау» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп алды. Ал биыл кәсіп ашу үшін жобасын әзірледі. «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында кір сабын шығанатын цех ашу үшін 1,5 миллион теңге грант иегері атанды. Ол өзі секілді пробациялық бақылауда тұрған өзге адамдарды жұмыспен қамтуды көздеп отыр», - деді Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметі бөлімінің аға инспекторы Гүлсезім Ешмағамбетова.
Айта кетейік, Ақтөбенің Мұғалжар ауданы бойынша 80-нен астам адам есепте тұр, бәрі пробациялық бақылауға алынған. Жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен 10-нан астам адам тұрақты жұмысқа орналасып, үшеуі кәсіптік білімін жетілдіріп жатыр. Ал екі адам «Бизнес бастау» бағдарламасымен оқыды. «Пробация қызметi пробациялық бақылаудағы сотталған адамды есепке қойған кезде сотталған адамның денсаулық жағдайын, оның бiлiм деңгейiн және еңбекпен қамтылуын, тұрғылықты жерiнiң бар-жоғын анықтай отырып, жеке басын зерделейдi. Сондай-ақ әлеуметтiк-құқықтық көмек көлемiн айқындау үшiн қажеттi өзге де мәлiметтердi анықтайды. Сотталғанның жеке басын және өмiрлiк жағдайын зерделеу нәтижелерi бойынша әлеуметтiк-құқықтық көмек көрсетудiң жеке бағдарламасы жасалады. Жалпы сотталғандарды қайта әлеуметтендiру, әлеуметтiк бейiмдеу және қайта бейiмдеу - сотталғандарды қоғам өмiрiне қайта орауға бағытталған шаралар кешенi. Пробация қызметкерлерi жұмысқа сотталған адамды есепке қойған сәттен бастап енгiзiледi және барлық жаза мерзiмi iшiнде мемлекеттiк қолдау көрсетедi. Бiздiң қызметiмiздiң басты мiндетi - сотталғанға қалыпты өмiрге оралуға көмектесу», - деді Гүлсезім Ешмағамбетова.


Соңғы жаңалықтар