Жаз бойы 60-қа жуық кітап оқыған павлодарлық оқушылар велосипед ұтып алды

None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда 60-қа жуық кітап оқыған оқушылар велосипед ұтып алды. Оқушылар бұл кітаптарды 5 айда оқып шыққан, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Павлодар қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Үздік оқырман» байқауының жеңімпаздарын марапаттады.

Байқау 12 сәуір мен 1 қыркүйек аралығында өтті. Оған қатысушылар 7-ден 15 жасқа дейін және 16 жастан жоғары болып екі топқа бөлінді.
Павлодар қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Айбек Оралхан байқауға 100-ге жуық адам қатысқанын атап өтті.
« Байқау біздің жүйеге қарайтын 13 кітапхана арқылы жүргізілді. Қалалық оқырмандар мен қала маңындағы ауылдардың оқырмандары қатысты. Екінші кезеңге 15 кітаптан жоғары оқыған 34 оқырманды іріктеп алдық. Бізден кітап алған кезде формулярында кітаптардың тізімі мен авторлары жазылады « , - деді Айбек Оралхан.

Қатысушылардың ішінде ең көп кітап оқыған - зейнеткер Қуат Шуақбаев. Ол 109 кітап оқыған. Бірақ ол денсаулығына байланысты екінші кезеңге қатысудан бас тартқан.
« Ересектер арасында көбіне зейнеткерлер қатысты. 80-ге жуық кітап оқығандар бар. Бірақ олар екінші кезеңге қатысудан бас тартып, сыйлықты жастарға беруді ұйғарды. Сондықтан екі велосипед те оқушыларға бұйырды « , - деді Айбек Оралхан.

Айбек Оралханның айтуынша, жүлдегерлерді анықтау кезінде тізімдегі кітаптар саны емес, нақты оқыған кітаптар есепке алынған.
« Байқау барысында байқағанымыз - кейбір оқырмандарымыз кітаптарды отбасы мүшелеріне, көршілеріне алады екен. Мысалы, 30 кітап алса, оның 10-ын ғана өзі оқиды. Екінші кезеңде белгілі жазушылардан құралған қазылар алқасы байқауға қатысушыларға сұрақтар қойып, нақты кітап оқығандарды анықтады. Ішіндегі басты кейіпкерлер, сюжеттер бойынша, тіпті кітаптың мұқабасының түсін де сұрап жатты. Жалпы, кітапты оқыған адам белгілі болады. Сұрақтарға мүдірмей жауап береді. Сондықтан нақты оқылған кітаптардың саны есепке алынды « , - деді Айбек Оралхан.

Байқау қорытындысы бойынша ең жас оқырмандардың бірі 25 кітап оқыған №8 лицейдің 2-сынып оқушысы Игнат Гайсин трюктік самокат жеңіп алды.
Сондай-ақ 59 кітап оқып, солардың мазмұны бойынша мүдірмей жауап берген қалалық №35 мектептің 6-сынып оқушысы Бердібек Жәнібекұлы мен 30 кітап оқыған Кенжекөл орта мектебінің 4-сынып оқушысы Бексұлтан Самиға велосипед иегерлері атанды.
Жеңімпаздардың бірі Бердібек Жәнібекұлы күніне кітап оқуға 2-3 сағат арнайтынын атап өтті.
« Байқауға отбасымызбен бірге қатыстық. Анам мен әкем, бауырым мен қарындасым да кітап оқыды. Өзім 59 кітап оқыдым. Ішінде Бердібек Соқпақпаевтың «Менің атым Қожа» кітабы ұнады. Қожаның оқушылық бейнесін жақын тұттым « , - дейді Бердібек Жәнібекұлы .

Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі оқырмандарды ынталандыру жұмыстарын тоқтатпайтынын атап өтті. Алдағы уақытта Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған бейнероликтер байқауының қорытындысы шығарылады. Онда оқырмандар оқыған шығармаларының негізінде бейнеролик дайындайды.


Соңғы жаңалықтар