Жайылымдық жерлер 100 млн гектарға дейін кеңейтіледі - Үкімет сағаты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  Қазақстанда жайылымдар алаңы 58 млн гектардан 100 млн гектарға кеңейтіледі. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында  ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, Ө. Шөкеев 2017-2021 жылдарға арналған АӨК-ні дамыту бағдарламасына түзетулер енгізу тақырыбында баяндама жасады. Бұл орайда бірнеше салалық бағдарламалар қамтылмақ.  

«Етті мал шаруашылығын дамыту жобасының негізін отбасылық шағын фермалар құрайды. Ол фермерлік шаруашылықтардан, бордақылау алаңдарынан және қазіргі заманғы ет өңдеу кешендерінен тұратын якорлық кооперация түрінде іске асады. Бұл жерде АҚШ, Канада мен Австралияның тәжірибесі негізге алынады. Алдағы 10 жылда ірі қара мал шаруашылығымен, қой және жылқы шаруашылығымен айланысатын 80 мыңнан астам отбасылық ферма құру, жайылымдар алаңын 58 млн гектардан 100 млн гектарға кеңейту, ірі қара мал санын 15 млн басқа дейін, қой санын 30 млн басқа дейін ұлғайту көзделіп отыр», - деп атап өтті Өмірзақ Шөкеев.

Жобаға қатысушыларға қолдау көрсетіледі. Осы орайда жер учаскелерін беру, сондай-ақ мал, техника және жабдық сатып алуға жеңілдікпен несие беру, жайылымдарға инфрақұрылым жеткізу ескеріледі.

Министрдің сөзіне қарағанда, сүтті мал шаруашылығы жобасы да отбасылық фермалардан, тауарлы сүт фермаларынан және заманауи сүт зауыттарынан тұратын якорлық кооперация принципі бойынша жүзеге асады. 2027 жылға қарай отбасылық фермалардың санын 380-нен 930-ға дейін, ірі тауарлы сүт фермаларының санын 108-ден 170-ге дейін, сүт зауыттарының санын 163-тен 174-ке дейін жеткізу жоспарланған. Осының нәтижесінде, сүт өндірісінің көлемі 1 млн тоннаға дейін ұлғайту міндеті қойылып отыр.

Фото: altai-photo.ru

Соңғы жаңалықтар