Жайықтың табанын тереңдетуге Үкімет резервінен ақша бөлу керек – депутат

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Сәлімжан Нақпаев Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа сауал жолдап, Жайық өзенінің табанын тереңдетуге қаражат бөлуді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2018 жылдан бастап Жайық өзенінің арнасында, әсіресе, Каспий теңізіне құятын сағасында су деңгейінің күрт төмендегені байқалады. Қазіргі таңда теңізге құятын тұстың тереңдігі небәрі 40-50 см болып қалған», - деді депутат.

Айтуынша, осының кесірінен 5000-ға жуық балықшының басын қосқан 800-ге жуық балық аулаушы бригада Каспийге шыға алмай қалған.

«Бұл балық аулау лимитін орындамауға және жергілікті қазынаға салықтың түспеуіне әкеледі. Яғни, ең негізгісі – балықшыларды жалғыз табыс көзінен айырады. Бұл жағдай жағалау күзеті кемелерінің теңізге кіріп-шығуына елеулі қиындық туғызады. Жайық өзеніндегі су деңгейінің 1,4 метрлік шекті белгіден төмен түсіп кетуі мұнай төгілген жағдайда мамандандырылған кемелердің өтуіне мүмкіндік бермейтін жағдайға алып келеді. Үкімет сағаты кезінде бізге жыл сайын тереңдетуге қаражат бөлінетіні хабарланды. Бірақ бұл жұмыстың нәтижесі өзеннің таяздануына әкелді. Демек атқарылған жұмыс тиімсіз болып отыр», - деді Мәжіліс депутаты.

Осындай қатерлерді атаған депутат мәселені шешу үшін Үкімет резервінен қаржы бөлу керек деп отыр.

«Осыған байланысты жоғарыда айтылғандардың негізінде жағдайды одан әрі апатқа ұшырауына жол бермеу мақсатында шұғыл шара қабылдау мүмкіндігін қарауды және Жайық өзенінің сағасындағы түбін тереңдету жұмысына Үкіметтің резерв қорынан қаражат бөлуге қолдау көрсетуді сұраймыз», - деді Сәлімжан Нақпаев.


Соңғы жаңалықтар