Жайық және Қиғаш өзен сағасын тереңдетуге 3 млрд теңге жұмсалмақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2023 жылы Жайық және Қиғаш өзендерінің сағаларын тереңдетуге 3 млрд теңге бөлу жоспарлаған. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Балықтардың табиғи уылдырық шашуына жағдай жасау бойынша іс-шаралар қабылдануда. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Жайық және Қиғаш өзендерінің сағаларын тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсаттарға биыл 3 млрд теңге бөлінді және қыркүйектен бастап балық өтетін арналарда ұзындығы 32 шақырым су түбін тереңдету жұмыстары жүргізілді. Келесі жылға 3 млрд теңге көзделген», - деді министр Үкіметте Балық саласын дамыту бағдарламасының биылғы қорытындысын баяндай келе.

Сонымен қатар ол кеме қатынасы су жолдарында түп тереңдету жұмыстарын жүргізу мәселесі өзекті болып қала беретіндігін айтты.

«Бұған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі келесі жылға арналған республикалық бюджетті алғашқы нақтылау аясында қаражат көздеуді жоспарлап отыр», - деді ол.

Бұған дейін елімізде балық өнімдерін өндіру субсидияланатыны айтылды.


Соңғы жаңалықтар