Жайық өзенінің суы мен ауасына зерттеу жасалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жайық өзенінің суына кешенді зерттеу жүргізілді. Ғылыми зерттеудің нәтижесін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021-2024 жылдарға арналған Қазақстан-Ресей арасындағы Жайық өзені бассейні трансшекаралық су нысандарын қолдану және қорғау туралы ынтымақтастық бағдарламасы аясында «Жайық трансшекаралық өзені бассейніндегі ағынды реттеудің салдарын экологиялық бағалау және өзенді сақтау мен қалпына келтіру жөнінде ғылыми негізделген ұсыныстарды әзірлеу» тақыбырында ғылыми зерттеу жүргізудің техникалық тапсырмасы әзірленді», - делінген Роман Склярдың депутаттық сауалға берілген жауабында.

Оның айтуынша, Жайық өзенінің ластануы мен оның экологиялық жағдайының нашарлау себебін анықтау мақсатында кешенді зерттеу жұмысы жүргізілген.

«БҚО және Ақтөбе облысы аумағындағы су сапасына жүргізілген кешенді зерттеудің нәтижесінде 4 және 5-ші санатқа, ал Атырау облысындағы судың сапасы 1-4 санатқа жататыны анықталды. Сол секілді зерттеу барысында атмосфералық сынама алынып, нәтижесі бойынша ауаны ластайтын қалдық зат анықталмады. Одан бөлек, өткен жылы қазан айында Жайықтағы су шаруашылығы жағдайын жақсарту мақсатында бірыңғай жол картасы әзірленіп, бекітілді», - дейді ол.

Премьер-Министр орынбасары Жайық өзенінің экологиялық ахуалын реттеуге қатысты шаралар Қазақстан мен Ресейдің ортақ бағдарламасы аясында екіжақты жүріп жатқанын айтты.

«Биыл 3 ақпанда Жайық өзеніне қатысты бірыңғай жол картасы аясында қазақстандық сарапшылардың жұмыс кестесі, уақыты мен ұйымдастыру форматына қатысты іс-шаралар бекітілді. Үшінші бағыт бойынша Жайық өзенінде бекіре санын арттыру, каналдар мен су жүйелерін қайта жаңарту, өзен арнасын бекіте түсіп, өзен жағасында орманды қалпына келтіру қарастырылған. Одан бөлек өзен түбін тереңдету, тазарту жұмысы және басқа да іс-шаралар жоспарланған», - деді Роман Скляр.

Соңғы жаңалықтар