Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасының тереңдігі жарты метрге жетпейді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасының тереңдігі жарты метрге жетпейді. Қазір сағаның тереңдігі – 30-40 см, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырауда жергілікті атқарушы орган, табиғатты қорғау құрылымдары өкілдері мен өңірлік қоғамдық кеңес мүшелерінен құралған жұмыс тобы Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасына зерттеу жүргізді.

Жұмыс тобының құрамында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев, облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқов, экология және табиғи ресурстар министрлігі Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының басшысы Нұрлыбек Гайсин мен экобелсенділер бар.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың айтуынша, соңғы жылдары Жайық өзенінде судың аздығы байқалып отыр.

Осыған байланысты өзен арнасын тереңдету жұмыстары қолға алынған. Бұл ұзақ мерзімді жоба болғандықтан, өзен сағасын үнемі бақылауды қажет етеді.

Сол себептен, жұмыс тобының мүшелері өзеннің теңізге құятын сағасының тереңдігін өлшеді. Қазір өзен сағасының тереңдігі 30-40 см құрап, жарты метрден аз болған.

Ал сағадан шамамен 10 шақырым қашықтықта зерттелген учаскелердегі тереңдік екі метрден асқан.

«Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары таяу күндері дәл координаттар арқылы әрбір нақты нүктеде өлшеу жүргізіп, тереңдіктерді көрсетіпе отырғаны жөн. Бұл сағалық кеңістіктің жай-күйін егжей-тегжейлі зерделеуге қажет болады. Нақты деректер өзеннің теңіз құяр сағасының түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу кезінде пайдаланылады. Мұндай дерек көктемгі су тасқынына қарсы іс-шараларды дайындау кезінде ескеріледі», -дейді Қайрат Нұртаев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраудың Ресеймен шекарадағы ауданында каналдар түбі қазылып жатқанын жазған болатынбыз.


Фото: shutterstock.com


Соңғы жаңалықтар