Жайық өзеніне ұзындығы 2,9 шақырым көпір салынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінің үстінен ұзындығы 2,9 шақырым көпір салынатын болады.

Бұл жайында ҚР Премьер-Министрінің Парламент депутаттары сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл көпірдің жалпы ұзындығы кірме жолды қоса алғанда 12,1 шақырымды құрайды. Көпірдің ұзындығы - 2,9 шақырым, кірме жолы – 9,2 шақырым. 2019 жылдың 11 сәуіріндегі №01-01121/19 мемлекеттік сараптама қорытындысына сәйкес құрылыс құны – 36 млрд теңге.

«2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңының жобасын жасау аясында өтінім болған жоқ. 2020 жылға арналған республикалық бюджетті бірінші нақтылау аясында Батыс Қазақстан облысының әкімдігі жобаны жүзеге асыруды бастауға 1 млрд теңге сомасында қаражатты республикалық бюджеттен бөлуге бюджеттік өтінім жіберді», - деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысының атап өтуінше, аталған жобаны бюджеттік бағдарлама әкімшісі – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қолдап отыр. Жобаға қаражат бөлу мәселесі 2020 жылға арналған республикалық бюджетті бірінші нақтылау барысында Қазақстан Республикасының бекітілген заңнамасына сай қарастырылатын болады.

«Бұға қоса, жоба құнының қомақты екендігін ескере отырып, жобаға қаржы бөлу мәселесін жергілікті бюджеттен тең қаржыландыру жолымен тепе-теңдік негізде, сонымен қатар 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру аясында жоспарлы түрде кезең-кезеңімен қарастыру қажет деп санаймыз», - деді Үкімет басшысы.

Айта кетейік, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің бір топ депутаты Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданына қарасты Чапаев ауылының аумағында Жайық өзенінің үстінен автомобиль жүретін көпір салу мәселесін көтерген болатын.


Соңғы жаңалықтар