Жайық өзеніне түсіп кеткен екі жасөспірімді атыраулық полицей құтқарды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Жайық өзенінің мұзы ойылып, суға түсіп кеткен екі жасөспірімді полиция қызметкері құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға 11 наурызда болған.

«Атырау қаласындағы Балықшы шағын ауданында 15 жастағы екі жасөспірім кешкі сағат 20:00 шамасында Жайық өзенінің мұзына түсіп кеткен. Олардың көмекке шақырған даусын естіген тполиция капитаны Асқар Қабдоллаев жедел құтқаруға кіріскен. Екі жасөспірімді әзер судан алып шыққан полицей оларды үйіне апарып, жедел-жәрдем қызметкерлерін шақыртқан. Құтқарылған Владимир және Данилдің бірі – колледж студенті, екіншісі – 8-сынып оқушысы», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Дәрігерлердің айтуынша, жасөспірімдердің денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ. Салқын суға түскендіктен денесі тоңып қалған, Тиісті ем-дом жасалады. Құтқарылған Владимирдің ағасы Александр Кришневский полиция капитаны Асқар Қабдоллаевқа ризашылығын білдіріп, мұны үлкен ерлікке балады.

Еске сала кетелік, былтыр Жайықтың мұзы ойылып, өзенге түсіп кеткен балаларды құтқарған екі полиция қызметкері «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған болатын.


Соңғы жаңалықтар