Жайық өзеніне тағы қортпаның 205 мың шабағы жіберілді
2021 жылғы 2 қыркүйек 04:21

Жайық өзеніне тағы қортпаның 205 мың шабағы жіберілді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Жайық өзеніне тағы да бекіре тұқымдас балық түріне жататын қортпаның 205 мың шабағы жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының айтуынша, қортпаның шабақтары «Сaspian Royal Fish» ЖШС-ның тоғандарында өсірілген. Қазір аталған серіктестікте бекіре тұқымдас балық шабағын мемлекеттік тапсырыспен өсіру қолға алынған. Серіктестік бағалы балық шабақтарын өсіру үшін «Жұмамұратов К.Е.», «Шабаров В.А.», «Самаров А.В.», «Инвалиды войны в Афганистане», «Микор», «Розенко В.В.», «Толқын», «АН-групп», «Колесник С.В.», «Таушық ауыл шаруашылығы», «Батыс Мұнай Транс», «Исатай Оперейтинг Компани» және «Ақтау балық компани» ЖШС секілді табиғат пайдаланушылармен келісімшарт жасаған.

«Біз өңірдегі су айдынын бекіре тұқымдас балық қорымен толықтыруға үлес қосу үшін осындай істі қолға алдық. Серіктестіктің зауытында 2014 жылдан бері бағалы балықтың төрт түрі – орыс бекіресі, сүйрік, қортпа мен сібір бекіресі өсіріледі. Қазір бізде үш-бес жылдық балықтар бар. Балыққа қажетті жемді Польшадан алдырамыз. Өйткені, бассейндердегі тұйық суда өсірілетін балыққа сапалы азық қажет. Рас, балық жемін Қазақстаннан да, Ресейден де табуға болады. Бірақ, өзіміздегі, сондай-ақ, көрші елде шығарылатын жемнің сапасы төмендеу болып тұр» -дейді «Сaspian Royal Fish» ЖШС-ның бас балық өсірушісі Ахат Ниматов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда екі күнде Жайық өзеніне бекіренің 7 млн-ға жуық шабағы жіберілгенін жазған едік.

Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT