Жайық өзені мемлекеттік маңыздағы су нысандарының тізіміне алынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жайық мемлекеттік маңыздағы су нысандарының тізіміне алынады. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Брифинг барысында БАҚ өкілі Жайық өзені айрықша қорғалатын табиғи нысан қатарына неге алынбай келе жатқанын сұрады.

«Су шаруашылығы саласында айрықша қорғалатын аумақтар деген ұғым жоқ. Ондай ұғым көбінесе орман шаруашылығында кездеседі», - деді министрдің орынбасары.

Дегенмен, Жайықты мемлекет қамқорлығына алу үшін ғылыми негіздеме жасалып жатқан көрінеді.

«Жайық мәселесіне келсек, бізде мемлекеттік маңыздағы су нысандарының тізбесі бар. Бұл тізімдегі өзендердің алабында шаруашылықтың айрықша режимі сақталуы керек. Қазір біз Жайық өзенін мемлекеттік маңызы бар су нысандары тізбесіне енгізу үшін ғылыми негіздеме дайындап жатырмыз. Сәйкесінше, мемлекеттің бұл өзенге деген көзқарасы, қамқорлығы да жақсырақ болады деген сөз. Мұндай нысанда шаруашылық та басқаша жүргізіледі. Осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз», - деді Серік Қожаниязов.

Аталмыш шарада вице-министр Өзбекстан «Сардоба» су қоймасының көлемін су қоймасының жобалық сыйымдылығын 30 пайыз азайтқанын мәлім етті.


Соңғы жаңалықтар