«Жайлы мектептердің» сырты чехиялық материалдармен қапталатын болды – Альберт Рау

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Amanat партиясы фракциясының халық табысын арттыру бағдарламасы талқыланған жиында Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Рау «Жайлы мектеп» бағдарламасымен салынатын мектептердің қасбет әрлеуші материлдары шетелден алынатын болғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мәди Тәкиұлы, сізді қолдаймын. Құрылыс отандық өнімнен ғана салыну керек. Тұрғын үй құрылысы ғана емес, коммуналдық құрылым да солай болуы керек.

Құрметті әріптестер, біз кейінгі 15 жыл бойы өзімізде бар дүниені сырттан алмау керек деп айта-айта шаршадық. Партия фракциясының өткен жиынында 400 мектепті («Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынатын – ред.) отандық өнімдерден салу керектігін айтып, ескерткен болатынбыз. Енді кеше ғана Премьер-Министрге хат жазуға мәжбүр болдым. Қаптаушы материал жасайтын жергілікті өндірушілер дабыл қағып жатыр. Аталған мектептердің сыртын Чехиядан әкелетін материалмен қаптамақшы екен. «Өзіміздің табиғи, оюмен әрленген материалмен қаптасақ, мектептердің ғимараты нашар бола ма? Айта-айта шамамыз бітті. Өйткені мүдделі емес. Өйткені бұл мұнай қасіреті. Басқалай айту мүмкін емес», - деді Мәжіліс сипкерінің орынбасары.

Сондай-ақ, ол мұндағы шалағайлықтар үшін халық алдында Үкіметпен бірге Amanat партиясы бірге жауап беретінін еске салды.

«Мен Беларусь елін үнемі мысалға келтірем. Егер қаржылық қадағалаушы орган елде бар тауар мен қызметті импорттауға жұмсаған шығын тапса, ақша мақсатсыз игерілген деп тіркейді. Бізде ондай жоқ. Бұл жоғары аудиторлық есептің бәріне осындай талап жазылу керек деп есептеймін. Ал қаптаушы материалдарға келсек, министрлерге, «Самұрық-Қазынаға» сенім жоқ. Біз осы жерде талқыладық, олар бас изеп тыңдады, ана жаққа барып өз дегендерін қасарысып істеп жатыр. Мұның бәрі экономикалық модельдің дұрыс болмауынан деп есептеймін. Бағдарламаларды іске асырамыз. Бірақ одан көрсеткіштер жақсарып жатқан жоқ. Тағы да Президент тапсырмасын орындамау туралы әңгімеге келіп отырмыз. Біз мұнайдың ақшасының көмегімен ұлттық валютамызды ұстап отырмыз. Соның салдарынан импортты субсидиялап отырмыз. Осыны өзімізге түсініп алу керек. Бұл мәселеден біз де шет қала алмаймыз. Өйткені алғаш рет Парламент сайлауында жеңген партия Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсыну арқылы Үкіметтің жауапкершілігі мойнына бірге алды. Біз оны ұмытпаймыз. Оның бәріне бағаны халық береді. Онда да бес жылдан кейін болса жақсы», - деді Альберт Рау.


Соңғы жаңалықтар