Жайлы мектептерде мұғалімнің бағасынан бөлек, сыртқы бағалау болады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл елімізде «Жайлы мектеп» жобасы басталады. Оның аясында барлық өңірде 400 жайлы мектеп салынады. Бұл туралы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңадан салынатын жайлы мектептер құзыреттіліктің орталығына айналады деп жоспарлап отырмыз. Өйткені, ел бойынша 400 мектеп ол аз емес. Олардың қуаты өте жоғары. Жайлы мектептерді салу нәтижесінде 842 мың орын пайда болады. Қазір елімізде 3,7 млн оқушы бар. Жайлы мектептердің директорынан бастап, мұғалімдеріне дейін тәртіппен қабылданады. Олар тиісті оқудан өтеді. Сондай-ақ, берілетін білім сапасын бақылауға қатысты үлкен жұмыс істейміз. Мектеп білімінің мазмұны бар және мұғалім оны бағалайды. Оның ішінде формативтік, суммативтік бағалау түрлері бар. Одан бөлек, мектепішілік бақылау бар», – деді Шолпан Каринова «Samruk-Kazyna Construction»-да өткен «Жайлы мектеп» жобасын іске асыру жұмыстарын талқылау барысында.

Оның айтуынша, жайлы мектептерде сыртқы бағалау жүйесі енгізіледі.

«Енді осы жерде біз сыртқы бағалау жүйесін енгізетін боламыз. Қазақстанда ұлттық бағалау жүйесі құрылды. Соған байланысты сыртқы бағалау арқылы білім беру деңгейін зерттеп, зерделеп отырамыз. Сонда оқушыға тек мұғалім қойған баға ғана емес, сыртқы бағалау арқылы білім сапасы анықталады», - дейді ол.

Бұған дейін Шолпан Каринова елімізде салынғанына 70 жылдан асқан 500-ден астам мектептің барын айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар