«Жайлы мектеп» жобасы: Ауылда да, қалада да бірдей стандартпен 400 мектеп салынады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Қаринова «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасының негізгі басымдықтарын айтып берді, деп хааабарлайды ҚазАқпарат.

Жоба үш ауысымды және апатты мектептер мен оқушы орындарының тапшылығын жоюға бағытталған.

«Тек қана соңғы 10 жылда оқушылар саны 1 млн-ға өсіп, бүгінгі күні 3,7 млн-ға жетті. Бұл өте жақсы көрсеткіш және білім инфраструктурасына белгілі салмақ түсіріп отыр, онымен қоса урбанизация, ішкі-көш-қон, ірі қалаларда тығыз шоғырлану мәселелері де бар. Осы мәселелерді шешу үшін 2023-2025 жылдар аралығында екі ауысымда 842 мың оқушы орнына шақталған 401 мектеп салуға республикалық бюджеттен 2,6 трлн теңге қарастырылды», - деді Шолпан Қаринова министрліктің кеңейтілген отырысында.

Жобаны әзірлеу барысында осыған дейін мектептерді салу кезінде орын алған проблемалар ескерілді. Олар – салынған мектептерде пән кабинеттерінің және қажетті оқу-жабдықтарының жеткілікті болмауы, конкурстық рәсімдердің ұзақтығы, және басқалары.

Қазіргі салынатын мектептердің ерекшелігі – ауылда да, қалада да бірдей стандарт бойынша салынады.

«Жайлы мектептердің мынадай ерекшеліктері бар: бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимаратының жекелеген блоктарында оқиды. Сәйкесінше, олардың өз оқу кабинеттері, әжетханалары, спортзалдары болады. Балалардың қаупсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Бейнебақылау, дыбыстық дабыл сияқты қауіпсіздік нысандары орнатылады. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын, ауыстыратын киімдерін сақтайтын жеке шкафтар, кітап оқуына, демалуына, шығармашылық әлеуетін дамытуға тиісті жағдайлар қарастырылған», - дейді бірінші вице-министр.

Сонымен бірге, мектеп заманауи физика, химия, биология, робототехника сияқты кабинеттермен қамтылады. Балалардың шығармашылық қабілеттерін арттыруға, еңбекке баулуға бағытталған жұмыстарға қолайлы орта жасалады. Арнайы білімді қажет ететін балар үшін қажетті жағдай жасалады.

Осыған дейін мектепте көбінесе бір спортзал қарастырылған. Ал жайлы мектептерде балалардың жас ерекшелігіне байланысты бірнеше спортзал қарастырылаған.

Мектептің сәулет-жоспарлауы жайлы, жағымды, әр оқушыға және мұғалімге лайықталып әзірленеді. Құрылыс кезінде ашықтық қамтамасыз етіледі. Кез келген тұрғын интерактивті карта арқылы құрылыстың барысымен, мектептің тиісті құжаттарымен таныса алады.

«Салынатын мектептерді педагогтермен қамтамасыз ету – басты мәселелердің бірі. Мектеп өмірінде тиісті деңгейдегі басқару, директордың рөлі де ерекше екені мәлім. Сондықтан директор менеджмент және көшбасшылық бағыттары бойынша, мұғалімдер өз пәндері бойынша, оқытудың белсенді әдістері бойынша арнайы курстардан өтеді. Бұл шаралар оқушыларға жаңа қолайлы жағдайлармен қатар сапалы білімге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Жайлы мектеп аясында ашылған мектептерге Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық академия тарапынан жүйелі әдістемелік қолдау жасалып, оқушылардың оқу жетістіктерін сырттай бағалау арқылы білім сапасын өлшеу және арттыру жұмыстары қолға алынады. Әрине, өңірлердің басқа мектептерімен де білім сапасын арттыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіледі», - деді Шолпан Қаринова.


Соңғы жаңалықтар