«Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту» жобаларына 2,8 трлн теңге бөлінеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев «Тиімді өңірлік саясат – еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі» тақырыбындағы Парламенттік тыңдауда «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту» жобаларына 2,8 трлн теңге бөлінетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мәселелердің келесі блогы өңірлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытумен байланысты. Білім беру саласы үшін мектеп тапшылығы маңызды мәселе болып тұр. Түркістан және Алматы облыстарында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкентте жағдай күрделі. Жұмыс істеп тұрған 700-ден астам мектеп әбден тозған. Олардың төрттен бірі пайдалану мерзімі 70 жылдан асып кеткен ғимаратта орналасқан», - деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы инфрақұрылымның тозу проблемасы денсаулық сақтау саласына да тән екенін еске салды.

«Қолданыстағы аудандық ауруханалар мамандандырылған медициналық көмек көрсете алмайды. Науқастар ірі қалаларға баруға мәжбүр. Ауылдарда жағдай түрлі мамандардың тапшылығымен күрделеніп отыр. Осы мәселелерді шешу үшін Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» және «Ауылдағы денсаулық сақтау саласын жаңғырту» сияқты екі пилоттық ұлттық жоба қабылданды. Бұл мақсаттарға 2,8 триллионнан астам теңге қарастырылған.

2026 жылға дейін кемінде 800 мың оқушы орнын салу көзделіп отыр. Сондай-ақ 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны және 32 көпсалалы орталық аудандық аурухана салынуы тиіс. Сенат депутаттары бұл жұмысты бақылауда ұстайды», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар