«Жайлы мектеп» ауылдық жерлерде де салынбақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Жайлы мектеп» құрылысына отандық өндіріс материалдары қолданылады. Бүгінде мектеп салатын мердігер компанияларға қойылатын талаптар белгіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру басталады. Осылайша үш ауысым мәселесі шешімін тауып, мектептердегі орын тапшылығын жою мүмкіндігі туады. Елімізде қазірдің өзінде 225 мыңға жуық оқушыға орын жетпейді. Жайлы мектептер 2025 жылдың соңына дейін қалалармен қатар шалғайдағы елді мекендерде де салынады. Құрылысқа отандық өндіріс материалдары қолданылады», - деді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов «Жайлы мектеп» жобасын іске асыруды талқылау барысында.

Оның айтуынша, жайлы мектептер жобасы қолданыстағы нормалар мен озық халықаралық тәжірибеге негізделіп әзірленді.

Сондай-ақ, спикер жаңа мектептерде спорт залдар мен коворкинг алаңы болатынын айтты. Бүгінде мектеп салатын мердігер компанияларға қойылатын талаптар белгіленді.

«2025 жылға қарай ел аумағында 842 мың орындық 401 жайлы мектеп ашу жоспарлануда. Ол мектептердегі орындардың саны 300-ден басталып 2500-ге дейін жетеді. Яғни оқушылардың санына қарай белгіленеді. Жайлы мектепте робототехника кабинеті, бірнеше зертхана, аумағы 88 шаршы метр болатын хореография залы, үш коворкинг алаңы болуы керек. Сондай-ақ мектептерде бастауыш, орта буын және жоғарғы сынып оқушылары үшін бөлек спорт зал болады. Одан бөлек, әр сыныпта интерактив тақта және мұғалімге арналған компьютер қарастырылған», - дейді ол.

Еске салайық, Қазақстанда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын әзірлеу былтыр қолға алынды. Ұлттық жобаның бірыңғай операторы – Samruk-Kazyna Construction компаниясы.


Соңғы жаңалықтар