Жайлы мектеп: 100 мыңнан астам жұмыс орны құрылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жайлы мектептердің көпшілігі қандай өңірлерде салынатыны белгілі болды. Сондай-ақ, нысандардың құрылысына 2,6 трлн теңге қаралып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңа мектептер ең алдымен, мектеп тапшылығы бар аймақтарда салынады. Бекітілген жоспарға сәйкес, мектептің көпшілігі Алматы облысы (63), Түркістан облысы (63), Шымкент (25), Маңғыстау облысы (24), Астана (24) мен Алматыда (22) тұрғызылмақ. Қалған мектептер шағын қалаларды қоса алғанда, бүкіл Қазақстан бойынша теңдей бөлінеді. Бүгінде жайлы мектептер құрылысының нақты мерзімі мен оқушы орны саны белгіленді. Мәселен, Алматы облысында 63 жаңа мектепте 136 мыңға жуық бала оқи алады. Елордадағы 25 жаңа мектеп 88 мың оқушыны қабылдай алады», - деді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов елордада өткен «Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асыруды талқылау барысында.

Оның айтуынша, ұлттық жоба халықты еңбекпен қамтуға үлес қосады.

«2 жылдан кейін орта білім беру объектілерін салу есебінен 100 мыңнан астам жұмыс орнын құру мүмкіндігі туады», - дейді ол.

Спикердің мәлімдеуінше, «Жайлы мектеп» жобасының жалпы бюджеті – 2,6 трлн теңге.

«Жақын арада мектептерді жобалау, салу және қызмет көрсетушілерді анықтайтын ашық конкурс өткіземіз. Мердігер мектепті толық салып, дайын күйінде тапсыруы керек. Байқау туралы хабарландыру 20 ақпанға дейін ашық ресурстарда жарияланады», - дейді М. Айманбетов.

Бұған дейін жайлы мектептердің ұлттық нақышта салынатыны айтылған еді.


Соңғы жаңалықтар