Жайдарманшылар талдықорғандықтарға тамаша әзіл кешін сыйлады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Қала күні мерекесі қарсаңында, Есен Елеукен бастаған жайдарманшылар талдықорғандықтарға арнап, әзіл-қалжың байқауын өткізді. Бақ сынаған 11 команда Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаевтың кубогын сарапқа салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Әзіл кешін бастан-аяқ тамашалаған қала басшысы жайдарманшыларға зор алғыс білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.

«Бүгін өте әдемі кеш болды. Командалардың дайындығы да көрініп тұр. Осындай өнерлі қыз-жігіттерді Жетісудың төріне алып келген Есен Елеукенге зор алғыс! Алдағы жылдары әртістігі мен шеберлігі көзге түскен жеке ойыншыларды да атап өту қажет екен. Бүгін мәдениет сарайына көп халық симай қалды. Бұйырса, келесі жылы Талдықорғанда жаңа драма театр салынады. Ендігі ойындарыңызды сол жерде өткізсеңіздер, нұр үстіне нұр болар еді. Ел-жұртты осындай өткір де, астарлы әзілдеріңізбен тамсандырып жүре беріңіздер»,- деді қала басшысы.

null 

Сонымен, қазылар алқасының шешімімен 1-орын мен қала әкімінің кубогын алматылық ІТ құрамасы жеңіп алып, 200 мың теңгені қанжығаларына байлады. Ал, 2-орынға тігілген 150 мың теңгені Спорт және туризм академиясының «Томирис» қыздар құрамасы иеленсе, 3-орынды талдықорғандық «Шапалақ» командасы жеңіп алып, 100 мың теңгені олжалады. Жайдарманға қатысқан барлық командаға қала әкімінің Алғыс хаттары тапсырылды.

Айта кету керек, Талдықорғанда қала күніне арналған мерекелік шаралар 8-ші қыркүйектен басталды. Түрлі шығармашылық байқаулар, шеберлік сабақтары, ретро концерттер мен спорттық сайыстар, танымал тұлғалармен кездесулер, әлеуметтік нысандардың ашылуы, кәсіпорындардың тұсаукесерлері секілді көптеген шаралар биылғы мерекенің сәнін кіргізетін болады. Ал, негізгі мереке 30-қыркүйекте сағат 10-00-де қаланың орталығынан басталып, Жастар спорт сарайының маңы мен «Жастар» саябағында жалғасады.

null 

Соңғы жаңалықтар