Жаяудың өліміне себепкер атбасарлық жүргізуші қолға түсті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат  - Ақмола облысында екі жаяуды қағып кетіп, оқиға орнынан ізін суытқан атбасарлық көлік жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде тараған видео жазбада көрсетілгендей жол-көлік оқиғасы Атбасар қаласында болған. Онда Toyota Land Cruiser көлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншілерді қағып кетіп, оқиға орнынан тайып тұрған.

Ақмола облыстық ІІД баспасөз қызметіндегілер жол-көлік оқиғасы сәуірдің  8-де болғанын растап отыр.

«Жедел-іздестіру шарасы барысында анықталғандай Toyota Land Cruiser көлігінің 31 жастағы жүргізушісі жолдың шетінде келе жатқан екі жаяуды қағып кеткен. Салдарынан 47 жастағы әйел оқиға орнында көз жұмса, екінші зардап шегуші түрлі дене жарақатымен орталық аудандық ауруханаға жеткізілді. Ал көлік жүргізушісі ізін суытқанымен бір тәуліктің ішінде қолға түсті», деп мәлім етті ІІД баспасөз қызметі.

Қазіргі кезде, осы оқиғаға байланысты ҚР ҚК-нің 34-бабы 3-бөлімі бойынша соталды өндірістік іс қозғалып, бірқатар сараптама тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар