Жаяу жүргіншіні қағып кеткен ақтөбелік тұрғын жәбірленушіге миллион теңге төлейді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Жаяу жүргіншіні қағып кеткен ақтөбелік сот шешімімен айыпты деп танылып, миллион теңге моральдық шығын өтейтін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға былтыр қараша айында болды. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші ауыр жараланып, бірнеше ай бойы ем қабылдады. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сүйенек, оның оң жамбасы сынып, бас сүйегі жарылған. Тіпті миы шайқалған. Талап қоюшы бірнеше рет ем қабылдағанын және табысынан айырылғанын айтып, сотқа арыз түсірді. Ол 2,5 ай ішінде жоғалтқан табысы ретінде 200 000 теңге, ал моральдық өтемақы деп 1 000 000 теңге сомасында және сот шығындарын өндіріп беруді сұрады.

«Қылмыстық кодекстің «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы салдарынан абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге әкеп соққан іс-әрекет» бабы бойынша тергеу жүріп, іс қозғалғанымен былтыр желтоқсан айында рақымшылық жасау актісі қолданылған. Сотта істің тоқтатылғаны анықталды. Жауапкер өз кезегінде талапкерге жоғалтқан жалақысы үшін 80 000 теңге, моральдық зиян есебінен 20 000 теңге және ауруханада емделгені үшін 146 300 теңгені өз еркімен төлегенін түсіндірді.

Сотта талап арызды қанағаттандырудан бас тартуды сұрады. Барлық мән-жайларды зерттеген сот талап арызды толығымен қанағаттандырды. Талап қоюшының пайдасына жоғалтқан табыс сомасы, яғни, 200 000 теңге, моральдық зиян сомасы 1 000 000 теңге, өкілдің көмегі үшін 120 000 теңге және мемлекеттік баж салығына 3 532 теңге өндірілді. Апелляция сот шешімін күшінде қалдырды», - деді облыстық соттың баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар