Жай серіктестікке біріккен пәтер иелеріне қосымша салық салына ма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ өкілі Марғұлан Әбдікәрімов жай серіктестікке біріккен пәтер иелеріне салық қалай есептелетінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында жай серіктестік формасын таңдап алған пәтер иелерінің атынан сауал қойылды.

«Бізге кейін болатын қиындықтарды ешкім ескертпеді. Кондоминиумды тіркеу үшін БСН керек екен. Оны салық органдары береді. БСН алу үшін жай серіктестікке жеке кәсіпкер ретінде тіркелу қажет деп отыр. Сонда жай серіктестік құрамына кірген пәтер иелері қосымша салық төлейді деген сөз бе», - делінген сауалда. Бұл сұраққа «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ өңірлік даму және әдіснама департаментінің басшысы Марғұлан Әбдікәрімов жауап берді.

«Мүлік иелері бірлестігі заңды тұлға болса, жай серіктестіктер заңды тұлға емес. Сондықтан бірлескен қызмет туралы келісімшарт негізінде жұмыс істейді. Пәтер иелері жай серіктестіктің сенімді өкіліне сенімхат беруі керек. Жай серіктестік заңды тұлға болмағандықтан, оған БСН берілмейді. Басқарудың бұл түрі жеке кәсіпкер де бола алмайды. Осы тұрғыдан алғанда Салық кодексінің 98-бабы жеке кәсіпкер ретінде тіркелген бірлестіктерге ғана қолданылады. Бірлескен қызмет туралы келісімшарт негізінде жұмыс істейтін жай серіктестікке бұл норма қолданылмайды», - деді департамент өкілі.

Оның сөзіне қарағанда жай серіктестікке біріккен пәтер иелері мүлік салығын Салық кодексінің 199-бабы бойынша төлеуге міндетті.

«Бірлескен қызмет туралы келісімшарт болған жағдайда келісімшартта меншік иесінің саны 2 немесе одан көп болса, әрбір мүлік иесі өзіне тиесілі салықты ғана төлей алады. Егер жай серіктестік кондоминиум құрамына кіретін тұрғын емес ғимаратты жалға берсе, декларация тапсыру керек болады. Қазір Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы, Құрылыс істері жөніндегі комитет Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетімен жай серіктестіктердің жұмысына байланысты туындайтын осындай мәселелерді реттеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Сондықтан, мүдделі органдар арасында бұл ұсыныстар қаралып жатыр. Оның нәтижесі қосымша хабарланады», - деді Марғұлан Әбдікәрімов.


Соңғы жаңалықтар