Жауапсыз ПИК-тердің тізімі жасалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорданың қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығының басшысы Жаннат Дубирова жұмыстарына жауапсыз Пәтер иелерінің кооперативі (ПИК) тізімі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде iKomek қызметіне күн сайын 12 000 коңырау түседі. Бұдан бөлек, мобильді қосымшалар мен чат-бот арқылы арыз-шағымдар көптеп түсіп тұрады. Осының нәтижесінде қала бойынша барлық проблемаларды көруге болады.

«Біз барлық жағдайға аналитика жасап, көріп отырмыз. Халықтан түскен арыз-шағымдардың негізінде жүйелі проблемалардың рейтингі жасалды. Қай ПИК нашар жұмыс істейді? Лифт компаниялары да солай. Сөйтіп, кім жақсы және кім жаман жұмыс жасап отырғанын көріп отырамыз. Осы талдаудың бәрі әкімдікке беріледі. Олар өз кезегінде тиісті шараларды қолға алады», - деді Ж.Дубирова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Орталық басшысының сөзіне қарағанда, қазіргі кезде тек әкімдік қызметкерлері - әкімдер, олардың орынбасалары мен басқарма басшылары ғана жүйеге кіріп, барлық мәліметтерді көре алады. Дегенмен, алдағы уақытта ол мәліметтердің бәрін ашық порталда жариялау жоспарланып отыр. «Мәселен, бүгінде ПИК-тердің тізімі бар. Онда өз қызметіне жауапты және жұмысты нашар істейтін компаниялардың барлығы көрсетілген. Дәл қазір мен олардың бәрін атай алмаймын. Дегенмен, алдағы уақытта халық барлық ақпаратты көре алады. Қазіргі кезде біз арнайы порталды әзірлеп жатырмыз. Сол жерде барлық ақпарат жарияланады. Шамамен, мамыр айында ол портал іске қосылады», - деп атап көрсетті Ж.Дубирова.

Айта кетейік, iKomek орталығының операторлары арыз-шағымдарды барлық байланыс арналары арқылы қабылдайды. Соның ішінде www.astana.gov.kz сайты, WhatsApp нөмірі: +77471090109, Telegram чат-боты: iKOMEK 109 мобильді қосымшасы (PlayMarket немесе Apple store ), «Smart Astana» мобильді қосымшасы (PlayMarket | AppStore), [email protected] электрондық мекенжайы, сондай-ақ, 109 тегін қоңырау шалу нөмірі бар.

Соңғы жаңалықтар