Жау дзотын кеудесімен жауып, тірі қалған Сабалақ Оразалиновтың есімі ұмытылып барады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Сұрапыл соғыста аузынан от бүріккен қанды балақ дұшпанмен аянбай шайқасып, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен батыр бабаларымыз аз емес. Соның бірден бірі аранынан ажал атқылаған дзотты кеудесімен жапқан аягөздік Сабалақ Оразалинов. Отан үшін отқа түсуден де тайынбай, Александр Матросовтың ерлігін қайталаған жауынгер 12 жерден жарақат алса да тірі қалған. Алайда Сабалақтай саңлаққа Кеңес Одағының Батыры атағы сол күйі берілмей кетті.

Көзсіз ерлігі көпке үлгі

Сабалақ Оразалинов 1925 жылы Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданының Көксала ауылында дүниеге келген. Қазақ даласын жайлаған аштықтың зұлматы ата-анасынан ерте айырып, балалар үйінде тәрбиеленеді. Ержетіп Аягөз теміржол депосында жұмыс істеп жүрген Сабалақ соғыс басталғанда майдан шебіне өз еркімен сұранған. 1942 жылы Ашхабадта мергендер курсын бітіріп, 131-атқыштар дивизиясына қабылданады. Осылайша 18-ге толмаған бозбала адам қаны судай аққан майдан шебіне кіреді.

1943 жылдың қаңтарында Ленинград шайқасына қатысқан Сабалақ Оразалинов тек мерген ғана емес, сапер, барлаушы, байланысшы да болған. Ұрыс даласында жаужүрек батырдың қолынан талай жау ажал құшады. 1944 жылдың 18 қарашасында кеңес әскерлері фашистердің қоршауын бұзып өтіп, Эстонияның Моонзунд архипелагында шабуылға шығады. Саарема аралының Каимри деревнясы маңында гитлершілер елеулі қарсылық көрсетіп, жауынгерлерді алға жылжытпай қойған. Әсіресе дзоттан бұрқылдата оқ атқан пулеметшілер бет қаратпады. Осы кезде 131-атқыштар дивизиясының 482-полкінің ефрейторы Сабалақ Оразалинов рота командирі, аға лейтенант Климовке «Рұқсат етіңіз, дзотты құртуға мен барайын. Алда-жалда маған бірдеңе болса, жоқтайтын ешкімім жоқ» дейді. Сөйтіп жүрек жұтқан батыр тоқтаусыз оқ жаудырған дзотқа қарай бет алады. Ұстараның ұшында тұрған осы сәт жайлы Сабалақтың өзі былай деген екен:

– Бір белгісіз күш мені бораған оқ астынан тұрғызып, алға сүйреді. Жүгірген бойыммен гранатаны құлаштай лақтырдым да, жата кеттім. Граната ұяға таяу жерге барып гүрс етті. Сірә, жау атқышы жараланған болуы керек, оқ нөсері бір сәтке тына қалды. Орнымнан қайта тұрып жанұшыра екінші гранатаны лақтырдым. Мүлт жіберіппін, оқ қайта борады. Алғашқы екі жарақаттан әлсіреген менің көзім бұлдырап, бір шешімге келгендей болдым да, теңселіп жүріп оқ шашып тұрған ұяны кеудеммен жаба құладым» (Жанболат Аупбаевтың «Бір ұрыста 12 жарақат» атты мақаласынан. «Лениншіл жас» 1980 жыл, 9 мамыр).

Кедергіден құтылған кеңес әскері 200-ге жуық фашистің көзін жойып, екі бірдей елді мекенді азат етіпті. Ленинград госпиталіне жеткізілген Сабалақ Оразалинов 15 күндей ес-түссіз жатқан. «Ажалың келсе алтын сандыққа тығылсаң да өлесің, ажалың келмесе кескелі тұрған алмас қылыштан да аман қаласың» деп жазады Ілияс Есенберлин «Алтын орда» кітабында. Сабалақтың ажалы келмепті. Екі жылға жуық емделіп, ауылға қайтқан жауынгер ауа-райы жақпағаннан кейін Алматы қаласына көшіп барған. Отбасын құрып, теміржолда, шай фабрикасында ұзақ жылдар еңбек еткен.

Александр Матросовтың ерлігін қайталап тірі қалған Сабалақ жайлы 1944 жылы дивизиялық «За Отчизну», армиялық «Ленинский путь» газеттері жазса да ешқандай атаққа, марапатқа ілінбепті. Бір қызығы, аягөздік майдангер соғыс біткеннен кейін қаза болғандардың қатарына жатқызылып, ерлік жасаған жеріне ескерткіш белгі орнатылған. Бұған себеп – оның жаралы денесін көрген рота писары тірі қалуы екіталай деп ойлаған көрінеді. Сабалаққа тек 1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай II дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені берілген. Бір жылдары Эстонияда және Ленинградта тұратын майдандас серіктері оған Кеңес Одағының Батыры атағын беру жайлы бастама көтеріпті. Алайда бұдан еш нәтиже шықпаған.


Батырға тар көше бұйырған ба?



Он екі жерден оқ тисе де әзірейіл жанын алмаған Сабалақ пен оның жұбайы жеті перзент сүйіпті. Соның бірі – су добынан Кеңес Одағының 2 дүркін чемпионы, Қазақстан құрамасының капитаны болған Асқар Оразалинов. Бойында батыр әкенің қаны бар Асқар 1980 жылы он тоғыз жасында КСРО Жастар құрамасы сапында Еуропаның күміс жүлдегері атанған.


Өкінішке қарай, Сабалақ Оразалиновтың бел байланысымен байланысқа шыға алмадық. Десе де Аягөз ауданындағы Мамырсу ауылында тұратын немере інісімен жолығып қайттық. Сексеннің сеңгірінен асқан Борантай Оразалиновпен жолығып, емен-жарқын әңгімелесудің сәті түсті.


– Ағамызды үнемі мақтанышпен еске аламыз. Эстония жерінде жау дзотының амбразурасын кеудесімен жауып, тірі қалғанына таңқаласың, таңқаласың да тамсанасың. Өлімнен де қаймықпаған қайсарлығы қандай мадаққа болсын лайық. Өте қарапайым, аузын ашса жүрегі көрінетін абзал жан еді жарықтық, – дейді ол.

Оның айтуынша, Аягөз қаласында Сабалақтың атына берілген көше бар. Бірақ тым тар көше іргеде орналасқан.

– Осыдан бірер жыл бұрын сол көшеге ағамыздың суреті кескінделіп, аты-жөні қашалып жазылған мрамор тақта қойылған болатын. Алайда ардан безген белгісіз біреулер ескерткіш тақтаны қиратып кеткен еді. Бұл деген ұят емес пе?! Ел үшін шыбын жанын шүберекке түйіп шайқасқан ержүрек батырдың рухын қорлау ғой нағыз. Әйтеуір көп ұзамай тақта қайтадан қалпына келтірілді. Бұған да шүкір дедік, – дейді Борантай Оразалинов.

«Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» дейді қазақ. Үмітті ақтай білген есіл ерлеріміз аз емес. Ал сол тұғыры биік тұлғаларымызды қаншалықты дәріптеп келеміз? Аранынан тынымсыз оқ атқылаған дзотқа кеудесін төсеген Сабалақ Оразалиновты өскелең ұрпақ біле бермейді. Сондықтан сайыпқыран Сабалаққа Аягөздегі тар көшемен шектеліп қалмай, Өскемен қаласынан бір көше берілгені дұрыс болар…


Соңғы жаңалықтар