Жаттықтырушы Меңдіхан Тәпсірұлы: Ауыр атлетика – қазақ халқының оң жамбасына келетін спорт түрі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ол ауыр атлетиканы дене бітімі, мінез, бұлшықет құрылымы тұрғысынан алып қарағанда қазақ халқына сәйкес келетін спорт түрі деп санайды. Ауыр атлетикадан әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин барлық жарыстарға оның қоластындағы командалармен бірге барып, Әнұранымызды ойнатып, көк байрағымызды желбіреткен. ҚР Ауыр атлетикадан мемлекеттік жаттықтырушысы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Меңдіхан Тәпсірұлы ауыр атлетиканың ерекшелігі, оның бүгіні мен болашағы, допинг дауы және Илья Ильиннің бұл сынақтан қалай өткені туралы айтты.

БҰРЫН КҮРЕС ТЕ, БОКС ТА АУЫР АТЛЕТИКА ТҮРІНЕ ЖАТАТЫН

- Әңгімені спортқа деген қызығушылығыңыз қашан оянғанынан бастасақ...

- Отбасымызбен бірге күрес, бокс, баскетбол, волейболдан жарыстарға барып, тамашалайтынбыз. Спортшы адам маған әдемі тұлғасымен, ерекше болмысымен тартымды болып тұратын. Бастапқыда мен боксты қызықтап, әуестендім. Құлағым ауыратындықтан, ата-анам бокспен айналысуыма қарсы болды. Сөйтіп спортты тастап кеткен кезімде Ұлан-Батырдан Ниетқабыл есімді ауыр атлетиканың спорт шебері келіп, үйірме ашты. Соған мені анам 12 жасымда өзі жетектеп апарып, жас маманның қолына тапсырды. Сонымен мектеп қабырғасында бірнеше рет ел біріншілігіне барып, жүлделі орындар иеленіп жүрдім. 1990-1991 жылдары алтын медаль ұтып алған кезім де болған. 1991 жылы мектепті аяқтаған соң жоғарғы мектепті Ұлан-Батыр қаласындағы «Дене тәрбиелеу мәдениеті институтында» баскетбол жаттықтырушысы мамандығы бойынша оқып бастадым. Алайда, 1992 жылы отбасымыз Моңғолиядан атамекеніміз – Қазақстанға көшіп келуіне байланысты, оқуымды Алматыдағы «Қазақтың дене тәрбиесі мәдениеті институына» ауыстырып, бірінші курсты қайтадан бастап, ауыр атлетикадан жаттықтырушы мамандығы бойынша жалғастырдым.

- Өзіңіз қатысқан алғашқы жарыс есіңізде ме?

- Спортшы жарысқа қатысу үшін үздіксіз дайындалады. Міне, спортқа ең алғаш байланатын жеріңіз — осы. Жарысқа бір қатыссаңыз болды, одан алыстай алмай, сол іспен ауырып қаласыз! Ол — ерекше сезім, құбылыс. Келесі жарысқа шығып, жіберген есеңді қайтару ма немесе әркез өзіңді көрсетіп, дәлелдегің келіп тұратындайсың... Мен институт қабырғасында көптеген жарыстарға қатыстым, соңғы рет 1993 жылы 2-курстағы кезімде Алматыда өткен ауыр атлетикадан Орталық Азия чемпионатына Қазақстан атынан шығып, 5-орын иеленгенмін және осы жарыста «ҚР Спорт шебері» атағын қорғаған едім.

ТАҢЕРТЕҢ – НАН МЕН ШАЙ, КЕШКЕ – ШАЙ МЕН НАН»

- Сол халықаралық жарыстан кейін өміріңіз қалай өзгерді?

- Ол жарыстан кейін Қазақстанның құрама командасына шақырылдым. Алайда, сол кезеңдегі Қазақстанның ахуалы нашарлау болды. «Байдалы түгіл бас қайғы» дейтіндей заман болды ғой. Бапкеріміз жағдайымыз қалай екенін сұрағанда біз әзілдеп «Таңертең нан мен шай, ал кешке шай мен нан ғой» деп жауап беретінбіз. Мен сол кездегі кеңес дәуірінен қалған жақсы бір үрдістің шетін ақырына дейін көрген бақытты студенттердің бірімін. Сол кезде институт қабырғасында жарыстарға қатысып, нәтиже көрсетіп жүрген студенттерге түскі асқа талон берілетін. Бірінші курста оқып жүргенде солай түскі асты институттың асханасынан тегін ішетінбіз, кейін ол да жоқ болды... Сол жылдары оқу орнында не жарық, не ыстық су болмай қалатын кездер де болып қалатын. Жалпы, спортшылар үшін қиын кезең болды деп айтуға болады. Көбі күйбең тірлікпен спортты тастап кетті. Солардың бірі мен болдым.

- Спортты тастап, немен айналыстыңыз?

- Мен 1996 жылы институтты тәмамдаған соң әке-шешем тұратын ШҚО, Үржар ауданына барып, ел қатарлы сауда-саттықпен айналыса бастадым. Бірақ, ол тірлігім өзіме ұнамады. Ақыры сол күзде Алматыдағы өзім оқу бітірген институтыма қайтып келдім. Ол жердегі жаттықтырушым, ұстазым Хлыстов Михаил Савельевич маған «Егер осылай қайтып келер болсаң, қай уақытта да сен үшін бір орын бар» деп айтқан. Айтқандай-ақ, мені бірден ауыр атлетикадан оқытушы-жаттықтырушы қызметіне жұмысқа қабылдады. Ол жерде 2006 жылға дейін жұмыс істедім.

ҒЫЛЫМИ ЖЕТЕКШІМДЕ ИНСУЛЬТ БОЛДЫ

- Моңғолиядағы оқу орнына қабылдау мен Қазақстандағы оқу орнына қабылдауда қандай айырмашылықтар бар?

- «Сапалы мамандар қайдан шығады?» деген сұрақ туса, жауапты осы жерден табуға болар, бәлкім. Біздің кезімізде Моңғолияда жекеменшік жоғары оқу орындары мүлдем болған емес, тек мемлекеттік тегін оқытатын институттар ғана болды. Институттарда әр жылға өздері дайындайтын мамандықтар бойынша оқушы қабылдау квоталары болады (оны бізде «бөліс» деп атайтын еді). Сол квота бойынша конкурс жариялап, мектеп түлектерін қабылдайды. Квоталарды мемлекеттің шалғай аймақтарына бөліп таратады да, ондағы мектеп бітірушілер өзара қонкурс өткізіп, оны ұтқандар ғана институт табалдырығын аттай алады. Конкурс мектеп бітіруші түлектердің тұрып жатқан аймақтарында өтеді. Осылай, азаматтардың жоғары оқу орнына қабылдануы немесе қабылданбауы өзі тұрып жатқан өңірден алыстамай-ақ шешіліп қояды. Оған тек мектеп бітірушілер ғана емес, жәй адамдар да қатыса алады. Мен мектеп бітірген 1991 жылы «Дене тәрбиелеу мәдениеті институтынан» біздің Байөлке аймағына бір денешынықтыру пәнінің оқытушысы және бір баскетболдан жаттықтырушы мамандығы бойынша екі бөліс келіп, конкурс жариялады. Мен жаттықтырушыны алдым. Ал Қазақстанда олай емес, жоғарыда айтылған процестерден мүлдем бөлек. Кез келген адам қалаған мамандығы бойынша жоғары оқу орнына өзі келіп, институт қабырғасында емтихан тапсырып, қабылдана береді. Бұл да конкурспен жүзеге асады, алайда кей мамандықтарға талапкер табылмай бос қалып та қалатын кездер жиі болады. Осылайша, ол бос орын өз иесін таба алмай калды, нағыз иесі алыс шалғайда қалып қойған болуы да мүмкін. Институт қабырғасында қызмет етіп жүрген кезімде осындай жағдайларды көріп, қарсылық көрсететінмін, алайда шешімі табыла қоймайтын іс болған соң, ақыры үнсіз қалатынмын.

- Өміріңізде спортқа қатысты «Осыны неге істемедім?» деген өкініш тудыратын жағдайлар болды ма?

- 1997 жылы институтта оқытушы болып жүрген кезімде басшыларымның бірі қосымша зерттеу жұмысын жүргізіп, ғылыми жұмыс қорғауыма болатынын айтты. Содан өзіміздің институтта, ұстазым, п.ғ.к., доцент Михаил Савельевичтің жетекшілігімен «Жаттығу процесін биоритмологиялық есептеулер арқылы түзіп басқару» деген ғылыми жұмыс тақырыбын бекітіп, аспирантураға қабылдандым. Бұл тақырып мен үшін өте қызық болды. Тақырыпқа байланысты барлық оқу құралдары мен материалдарды зерттеп шықтым. Құрама командаға зерттеу жұмысымды жүргізіп бастаған кезімде ғылыми жетекшімде инсульт болып, ғылыми жұмысым тоқтап қалды. Негізінен ғылыми зерттеу жұмысымның аяқсыз қалғаны үлгермеушіліктен болды десем, дәлірек болар. Себебі, 2004 жылдан бастап Республикалық спорт колледжінде, одан ары Олимпиадалық даярлау орталығында ауыр атлетикадан аға жаттықтырушылық жұмысымды, Республикалық ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы қызметімен қоса атқару – үлкен шаруа. Одан кейін басқа іспен айналысуға мүлдем уақыт қалмайтын еді. Кейінірек елордадан биоритмология тақырыбын зерттеген жас маманды көрдім. Ол Олимпиадаға дайындық барысында биоритмологиялық есептеулер арқылы жақсырақ нәтижеге жетуге болады деген тақырыпта Қазақстан құрама командаларына лекция оқып, өз қызметін ұсынып жүрді. Бұл – менің зерттеулерім еді ғой, кейде оның орнында мен болсам жақсырақ түсіндіріп, өз ауыр атлеттеріме қолданар едім деп ойланамын.

ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫС: АЙЫҢ ТУСЫН ОҢЫҢНАН

- Ғылыми жұмысыңыз туралы толығырақ айта аласыз ба?

- Белгілі табиғи құбылыс саналатын күннің шығуы мен батуы және айдың тууы мен толуы аралығында адам ағзасы әртүрлі қалыпта болады. Ол құбылыстар қайталанып отыратындықтан, ол ритм деп аталады. Осы ритмдерде адам ағзасында болатын құбылыстарды зерттейтін ғылым биоритмология деп аталады. Ол әр адамның дүниеге шыр етіп келген сәтіне тікелей байланысты. Әр адамның ағзасы ай мен күннің кезеңдеріне байланысты: көніл-күйі, денесінің физикалық күйі, ақыл-ой өрісінің күйі де өзгеріп тұрады. Осылайша әр күннің, айдың адамға қалай әсер ететіні есептеледі. 1 күндік, апталық, айлық, 1 жылдық есептеулер жасауға болады. Мысалы, спортшының туған жылы, күні, сағаты анықталса, биоритмологиялық есептеу арқылы бүгін ол жаттығу барысында өзін қалай сезінетінін, қаншалықты тез шаршап немесе қаншалықты белсенді бола алатынын анықтап білуге болады. Болашақта болатын ай күні белгіленген жарыс күнінен артқа қарай есептеп, спортшыға жүктемені сәйкесінше тарылтып беруге болады. Екі спортшы бір күні туған болса да, жарыс барысында екі түрлі нәтиже көрсетеді, өйткені екеуі де биоритмологиялық сағаттары бойынша дайындық жасап жүрген жоқ қой. Яғни қайсы біреуі биоритмологтың кеңесімен, оның құрған жоспарымен жаттыққан болса, сол спортшы анағұрлым жақсы нәтиже көрсетер еді.

- Сонда екі спортшының біреуі мықты дайындалып, екіншісінің дайындығы аздау болса, жарыс кезінде дайындығы мықты болған спортшы емес, «айы оңынан туып», яғни Күн, Ай жақсы әсер етіп тұрған спортшы жеңіп кетуі мүмкін бе?

- Дәл солай. Мұны бағы мен бабы сәйкесті деп те жатады. Биоритмологияны спортта жүзеге асырса, сөзсіз жемісін береді деп ойлаймын. Ең алдымен спортқа қабілеті күшті, дарынды, тума талантты табуымыз керек. Ол шапшаңдығымен, бұлшықет құрылысы, дене бітімі ерекшелігімен көзге түсіп тұрады. Одан кейін оның генетикасына дейін қарау керек. Мысалы, Илья Ильин – тума талант. Анасының денсаулығы жақсы. Негізі көп нәрсе ананың денсаулығына байланысты болады, себебі сәби тоғыз ай анасының құрсағында жатады. Аяқ-қолы балғадай анадан батыр тұлғалы ұл туады. «Сүйегі – менен, еті - сенен» деп бекер айтылмаған.

ИЛЬЯ ИЛЬИН – АУЫР АТЛЕТИКАДАН ЕҢ ЖАС ӘЛЕМ РЕКОРДШЫСЫ

- Илья Ильинмен таныстығыңызға тоқталып өтсеңіз?

- 2004-2009 жылдар аралығында мен Республикалық олимпиадалық даярлау орталығында ауыр атлетикадан аға жаттықтырушы болдым. Сол кезде Олимпиадалық даярлау орталығына Илья Ильин келді.

- Аға жаттықтырушы болған кезде Илья Ильиннің талай жарыстарда оза шабатынын білдіңіз бе?

- Ел біріншіліктерінде оза шауып, көзге түскен талантты жасөспірімдер іріктеліп, Республикалық олимпиадалық даярлау орталығына тізімге алынады. Орталықтың жаттықтырушылары олармен жыл бойы оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, халықаралық жарыстарға апарып қатыстырып, «пісіргеннен» кейін Қазақстан ұлттық құрама командасына береді. Осындай жолды Илья да жүріп өтті. Ол Олимпиадалық даярлау орталығына келгенде 16 жастағы, өте зерек бала еді. Оны бізге қызылордалық жаттықтырушы Вилорий Пак дайындап әкелді. 2005 жылдан бастап Вилорий Пак ұлттық құрама командаға ерлер аға жаттықтырушысы жұмысына тартылды. Мен Илья Ильиннің жеке жаттықтырушысы болмасам да, халықаралық жарыстарға дайындап, қатысуындағы бүкіл процесті басқардым. Ол Бейжің Олимпиадасына дейінгі барлық халықаралық жарыстарға менің қоластымдағы командаммен барып, көк байрағымызды желбіретті. 2005 жылы ол небәрі 17 жасында әлем чемпионы атанды. Келесі 2006 жылы Дохада өткен Азия ойындарында алтын медаль ұтты және осы жылы екінші мәрте әлем чемпионы болды. Сол себепті маған 2007 жылы «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы» атағы берілді. Илья тек әлем чемпионы ғана емес, ол одан да жоғары мәртебеге ие. Әлемдегі ең мықтылардың есімі тіркелетін Гиннестің рекордтар кітабына «Ауыр атлетикадан ерлер және әйелдер арасындағы ең жас әлем чемпиондары» ретінде енген спортшылардың екеуі де – қазақстандықтар. Олар – Илья Ильин (17 жасында) және Зүлфия Чиншанло (16 жасында) болды.

5-10 ЖЫЛДА СПОРТ САЯСАТҚА АЙНАЛЫП КЕТТІ

- Допинг дауына тоқталып өте аласыз ба?

- Соңғы жылдары спорт саяси ойынға айналып кеткендей. Тыйым салынған препарат тізімі өте көп. Олар тіпті біздің күнде ішіп-жейтін тамағымыздың құрамынан да табылып жатыр. Ондай оқиға болған. Мысалы, қазіргі таңда фермерлер өзінің малын тезірек өсіріп, сапалы өнім алу үшін оған беретін жеміне түрлі дәрумендер, тіпті өсу гормондарын қосып жібереді, ал сол малдың сүтінен жасалған өнімдерді қолданған немесе етін жеген адамның қанынан жаңағы тыйым салынған зат табылған. Ал енді сіз кінәсіз екеніңізді дәлелдеп көріңіз! Біздің спортшылар халықаралық жарысқа шығар кезде сақтық үшін үйде екі рет, сосын жарысқа барғанда немесе медаль ұтқан жағдайда міндетті түрде допинг тексерістен өтеді. Олимпиадаға барғанда тіптен қатаң тексеріледі. Ұшақтан түсе салысымен спортшының қанын тексеруге алып, 24 48 сағат ішінде анықтап, егер допинг ережесін бұзу анықталса – спортшыны Олимпиадаға қатыстырмайды. Илья Ильин Бейжіңде де, Лондонда да осы процестердің бәрінен өтті. Сөйте тұра, 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасының алдында, одан 8 және 4 жыл бұрыңғы қанын қайтадан жаңа аппаратпен тексеріп, тыйым салынған препараттар таптық деп отыр. Егер Илья Ильин Риодағы Олимпиадаға қатысып, сол жерден допинг тексеруден өтпей, допинг пайдалану фактісі болған болса – әңгіме басқа. Онда күдікті ретінде оның бұрыңғы екі Олимпиададағы сынамаларын қайта тексеруін жөн санауға болар еді. Ондай Ильяда болған емес. Ақыры оны екі дүркін Олимпиада жеңімпазы атағынан айырды. Бұл әділетті ме? Меніңше, ақылға сыймайтын нәрсе...

РЕКОРД ЖАҢАРТУЫМЫЗ КЕРЕК

- Илья Ильин осы сынақтан қалай өтті?

- Илья Ильин – жігіттің сұлтаны, ол – нағыз чемпион. Ол көп оқитын, білімді, зерек жігіт. Біз оның Олимпиададан ұтып алған екі бірдей алтын медалын алып қойды деген кезде соңына дейін сенген жоқпыз. 2008 жылғы Олимпиададан кейін ол допингсіз-ақ күйзеліске түскен еді. Небәрі 20-ақ жастағы жас жігіт Олимпиада шыңынан бырақ шықты, халық мақтады, ардақтап, асқақтатты. Жұлдызды ауруға шалдыққандай әсерде болды... Ол әрбір спортшыда болады және ондай кезеңнен өту оңай емес. Оның ондай күйге түсуіне біздің халықтың қатты қолпаштап мақтауы әсер еткені сөзсіз. Дегенмен, ол өз-өзін жеңе білді. 2011 жылы әлем чемпионы болып, 2012-де Лондон Олимпиадасының алтынын жеңіп алды. Соңғы рет ол биылғы Азия чемпионатында қатысып, 5-орын иеленді. Оған дейінгі жарыстарда өмірінде бірде-бір рет жеңіліп көрмеген жігіт болса да көңілін түсірген жоқ. Жеңістері алда екенін айтып, ішкі күйзелісін білдірген жоқ.

- Допинг дауының қандай кері әсері болды?

- 2016 жылғы Олимпиадаға толық құрамда қатысуға мүмкіндік болды. Мықтыларымыз бармаса да, командамыз жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгенін білесіздер. Допингке қатысты дауға байланысты 2020 жылы Токиода өтетін олимпиадаға баруға бізге шектеу қойып тастады. Олимпиадаға толық лицензиямен (тиісінше 4 ер, 4 әйел спортшы) қатысуымыз керек еді, осы дауға байланысты 1 ер спортшы мен 1 әйел спортшы ғана қатысуға руқсат берді. Ауыр атлетикаға арналған осы бір–бір лицензия үшін біздің спортшылар лицензиялық турнирлерге қатысып, жеке-жеке ұпай жинап жүр.

Кім жоғары ұпай жинаса, сол Олимпиадаға барады. Негізгі үміткерлер сапын Илья Ильин, Нижат Рахимов, Денис Ұланов, Ибрагим Берсановтар түзеп тұр. Ал әйелдер арасындағы 1 жолдамаға Зульфия Чиншанло, Карина Горичева, Екатерина Быкова, Лариса Кобелевалар таласуда. Келесі жылы біздің елде Лицензиялық Азия чемпионаты өтеді және тағы бірнеше лицензиялық турнирлер болады.

- Ауыр атлетиканың болашағы туралы не айтасыз?

- Ауыр атлетиканы дене бітімі, мінез, бұлшықет құрылымы тұрғысынан алып қарағанда қазақ халқының оң жамбасына келетін спорт түрі деп ойлаймын. Қазақты осы тұрғысынан алып қарағанда басқа кез келген ұлттан артық, мықты қасиетке ие деп білем. Тәуелсіз Қазақстанда төрт дүркін әлем чемпионы атағын жеңіп алған бір ғана спортшы бар, ол штангист – Илья Ильин! Ал, Анатолий Храпатый бес дүркін әлем чемпионы болған. Осы рекордты жаңарту керекпіз! Соңғы жылдары біздің жасөспірімдеріміздің Әлем, Азия чемпионаттарында жеткен жетістіктерін өздеріңіз естіп біліп отырсыздар. Жақын болашақта олар әнұранымызды дүниенің төрт бұрышында ойнатып, көк туымызды желбіретіп, атой салатын болады!

-Сұхбатыңыз үшін рахмет!

P.S. Меңдіхан Тәпсірұлынан сұхбат алуға көмектескен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына алғыс білдіреміз.
Соңғы жаңалықтар