Жат діни ағым өкілдері діннен басқаның бәрін теріске шығарады - сарапшы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында рухани жаңғырудың тура жолына түсіп, сананы өзгертпесек, жетістіктерге жете алмайтынымызды атап өткен болатын.

Ұлттық дәстүрімізді сақтап, жылтыраған жалған сенімдерге бой алдырмай даму, келер ұрпақ үшін орасан зор мұра екендігін айқын көрсетті. Егер жаңғыру елдің ұлттық, рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайтыны анық.

Жастар жүрегі патриоттық сезімге толы болмаса, туған жеріне деген құрмет, туған еліне деген сүйіспеншілік сезімі қалыптаспаса, ұлттық рухани болмысын сақтай алмаса ел болашағына қауіп төнеді.

Еліміздің тарихын, қазақ халқының дәстүрлі құндылықтарын бойына сіңірген ислам дінінің өзіндік даму жолы бар. Бұл дәстүрлер қазақ халқының ұлттық біртұтастығының белгісі болып табылады. Бүгінгі қоғам жастары өздерінің мәдениетін, тілін, дәстүрін сақтау керек. Бұл дегеніміз – рухани негізді игерудегі бүгінгі жаһандану заманында мәдениеттің құлдырауынан сақтайтын, сан түрлі сипаттағы деструктивті ағымдарға қарсы тұруды қалыптастыратын қорған.

Елбасы Н.Назарбаев: «Біз ата-бабаларымыздан қалған дәстүрлі Ислам дінін, оның ішінде Ханафи мазһабын ұстанушы халықпыз. Өзіміздің тіліміз, дініміз, мәдениетіміз, ұлттық құндылықтарымызбен әдет-ғұрпымыз бар халықпыз», - деп айтқан болатын.

Жастардың теріс пиғылдағы жат діни ағымдардың жетегінде кетуі - бүгінгі қоғамымыздағы басты дерттердің бірі. Оның басты себебі: дәстүрлі діні, мәдениеті, тарихы және салт-дәстүрлері жайлы жеткілікті білімдерінің болмауы. Харизматикалық қасиеттерге ие теріс діни ағым насихаттаушысы діннен аз хабардар адамды оңай таниды және оны өз қарамағына тартып алады. Сол себепті, дін мәселесінде сұрақ туындаған кезде жауапты ең әуелі Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының ресми сайттарынан анықтауға болатындығын атап өткен жөн.

Теріс діни ағым өкілдері қазақ халқымен жасасып келе жатқан мерекелерге, зайырлы іс-шаралар мен өзге діндердің мерекелеріне қарсы. Тіпті, тамыры тереңнен бастау алған Наурыз мейрамын да тойлауды дұрыс көрмейді. Сонымен қатар, жат ағым өкілдері ислам дінін ұстанатын елдерде кеңінен аталып өтетін Мұхаммед пайғамбардың туған күні — Мәуліт мейрамын атап өтуге де қарсы екені белгілі.

Қатаңдыққа бейім теріс ағым өкілдері «қанша ғасырдан бергі барлық мұсылмандар қателесіп келді» дейді және өздерінің діни көзқарастарымен келіспейтін ғалымдарды адасқандар санатына жатқызады.

Ислам дінін «жаңашылдықтардан тазартуға» ұмтылғыш теріс ағымдар өздерін «таза дінді қалпына келтірушілерміз», деп атайды. Алайда, олар Құран мен хадистерді ғалымдардың түсінігімен емес, тіке және тар мағынасында қабылдайды. Олар өз түсініктерінде діннен басқаның бәрін теріске шығарады. Бұл ағымдар идеологиясы қазақ қоғамының рухани құндылықтары мен дәстүріне қарсы тұр.

Жат діни ағым идеологиясының таралуына тосқауыл қою мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде алдын-алу және оңалту шаралары өткізілуде. Алматыда жастар арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің қатысуымен жүздеген кездесулер, семинарлар және лекциялар ұйымдастырылуда Шара барысында жастарға теріс діни ағымдардың зияны түсіндіріліп, Алматы қалалық даму басқармасының тапсырмасымен дайындалған бейнероликтер көрсетіледі.

Зайырлы қоғамда өскен ұрпақ теріс діни сенімдердің соңынан ермей, әр нәрсеге сыншыл санамен қарайтын, жан-жақты білім алуға ұмтылған және де өзге дін өкілдеріне құрметпен қарайтын азамат болып өсуі тиіс.

Айнұр Бекжанова сарапшы

Соңғы жаңалықтар