Жат ағымдағылар мемлекеттік рәміздерді мойындамайды - теолог

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Қоғамдық даму басқармасының ұйымдастырумен дінтанушы Қарлығаш Борбасова «Димед» Алматы медициналық колледжінің студенттеріне деструктивті культтер мен ұйымдар әрекетіндегі негізгі принциптер мен әдістер туралы дәріс оқыды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жат ағымдағылардың теріс пиғылын, діни экстремизм мен терроризімнің қаупін жастарға түсіндіру - бүгінгі күннің талабы. Зайырлы мемлекеттің болашағы осы жастардың қолында. Осы мақсатта Алматы қаласының оқу орындарында мамандар арнайы дәріс оқуда.

Дінтанушы, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің профессоры Қарлығаш Борбасова бүгін «Димед» Алматы медициналық колледжінің студенттерімен кездесті. Маман тек дәріс қана оқып қойған жоқ. Сондай-ақ, ол студентермен сұхбаттасты. Сұрақтарына жауап берді. Дінтанушы ең алдымен деструктивті культтер туралы айтты.

«Деструктивті культтер деген сөз «бүлдіргіш» деген мағынаны білдіреді. Діни ағымдар азаматтарымыздың құқығын бұзады, оларға психологиялық әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, зиянын тигізеді. Кейбір деструктивті діни ағым мүшелері отансүйгіштік, ұлтжандылық деген қасиеттерді бағаламайды. Мемлекеттік рәміздерді мойындамай, әскери борышты жоққа шығарады. Тіпті, балаларының білім алуына қарсылық көрсететіндері де бар. Деструктивтілікті анықтайтын нәрселер көп. Оны сол азаматтардың іс-қимылынан бірден анықтауға болады»,- дейді Қарлығаш Борбасова.

Деструктивті діни ағымдар жастарды торға түсіру үшін психологиялық және әлеуметтік топтасу әдістерін қолданады.

«Сіздер жассыздар. Жақсы мен жаманды ажырата білесіздер деп үміттенем. Осындай жат ағымдағы адамдардың арбауына түсіп қалмас үшін дін, экстремизм, терроризм, радикализм дегенді білу қажет. Бірақ, ақпаратты әлеуметтік желіден емес, арнайы мекеме, мешіттерден алғандарыңыз абзал. Теріс ағымдағы адамдар сіздің сеніміңізге ақырындап кіреді. Олар ең алдымен сіздің киім үлгіңізге көңілі толмайтынын айтады, кейін мамандықты дұрыс таңдамадыңыз деуі мүмкін. Сөйтіп, ақырын-ақырын мемлекетті, қоғамды жамандай бастайды. Жоғарыда айтқандай сіздің ойыңызды психологиялық тұрғыдан бұзады. Сондықтан, абай болыңыздар»,-деп қосты дінтанушы.

Дәріс тыңдауға келген студенттер лекторды ұйып тыңдады. Кейбіреулері сондай ағымдағы адамдарды байқап қалса, қайда хабарласуға болатынын сұрады.

«Мен осы медициналық колледждің 2-курс студентімін. Біз расында жат ағымдар туралы көп біле бермейміз. Бәрі мұсылман, «Алланың құлы» деп түсінеміз. Студенттер үшін дәріс ұйымдастырған мекемеге алғыс айтамын. Жастарға мұндай дәрістер қажет деп ойлаймын. Мен өзіміді толғандырып жүрген сұраққа толыққанды жауап алдым», - дейді «Димед» Алматы медициналық колледжінің студенті.

Дәріс оқу барысында дін мен мемлекет тақырыбы да сөз болды. Адамның рухани дүниесі, ұлтымыздың бірлігі, бүкіл қазақстандықтардың түсіністігі мен келісімді тірлігі, елдің тұтастығы, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы жайлы да айтылды.

Ұлттық иммунитетті күшейтудің рухани арқауы - дәстүрлі ислам діні екені анық.

Фото: baribar.kz

Соңғы жаңалықтар