Жат ағымдағы жігітке алданған Жанардың әңгімесі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақтың қаншама қаракөз қыз-келіншегі «Алла алдындағы парызымды өтеймін», «құдай қосқан қосағыма адал қызмет етемін» деп теріс пиғылды түрлі радикалдардың жетегінде жүр.

Әйелдің сеңгіштігін, нәзіктігін, жүрегінің жұмсақтығын және дінді бар болмысымен қабылдайтынын біліп, оны пайдаланатындар бар.Тіпті, Сириядағы жат ағым мүшелері, қазақ азаматтары телефонмен сөйлесу арқылы қаракөз қыздарымызға уағыз айтып арбап, сырттай әйелдікке алып, өздерінің мақсаттарын жүзеге асырып отырған жағдайлар да кездеседі. Себебі, олардың «уағызшылары» Сирия, Палестина және тағы басқа елдерге экстремистік мақсатта кеткендерді ақиқат жолындағы нағыз діндәр адамдар ретінде насихаттайды.Олардың санасына солай сіңіреді. Қыз-келіншектер осы әңгімені шын көріп, иманындай сенеді. Сөйтіп, үлкен қиыншылыққа тап болады. Солардың бірі бүгінгі біздің кейіпкеріміз Жанар есімді келіншек.

Жанар көпбалалы қарапайым отбасынан шыққан қыз. Қызылорда облысының тумасы. Мектепті 2006 жылы үздік бітіріп шыққан. Алматыға келіп, өзі армандаған ЖОО-ға оқуға түсті. Арасында базарда істейтін құрбысына барып, көмектесіп жүрген. Біраз ақша тапқан. Бастапқыда оқуымды тәмәмдағанша базарда «уақытша жұмыс істей тұрамын» деген оймен жүрген. Бірақ, бұл ортаның оның кейінгі тағдырына әсер етіп, өмірін басқа арнаға бұрып жіберетіндігінен бейхабар еді.

«Басында құрбыма көмектесітінмін. Кейін өзім сабақтан ерте шыққан күндері және сенбі, жексенбіде сауда жасай бастадым. Әрине, тауар менікі емес қой. Мен – сатушы болдым. Базардағы «контейнер» иесі күніне 2000 теңге беретін. Кейде тауардың үстіне өзім аздап ақша қосып сатып, үстінен 500 теңгедей көріп отырдым. Базарда жұмыс істеп жүріп байқағаным, мұндағы сатушы қыздардың басым бөлігі намаз оқиды екен. Бір күні мен де намазға жығылмаққа бел будым. Сөйтіп студент кезімде-ақ намаз оқуды бастап кеттім. Мен тұратын жатақхана Орталық мешітке жақын болғандықтан, уағыз тыңдауға жиі барып тұрдым. Базарда намаз оқитын қыз-келіншектердің бәрі маған «идеал» болып көрінді. Бәріміз Қадір түнін мешітте қарсы алатын едік. Ауызашарларда, тағы да басқа себептермен жиі жиналып тұрдық. Басқосуларда үнемі діни әңгімелер айтылатын. Бәріміздің басымызды біріктіретін сырласымыз әрі кеңесшіміз Фатима деген апай. Ол кісінің айтқанын барлығымыз бұлжытпай орындаушы едік. Тек оның есімін құпия ұстау керек болатын», - дейді Жанар.

Сол құпия апайдың тілімен айтсақ, ол Жанарға «ахи бауырының» «сестра» іздеп жүргенін айтып, өрімдей жас қызды радикал жігітпен таныстырады.

«Ахи бауыр», «брат» немесе «сестра» деп діни сенімі, ахидасы бізге тура келетін адамды айтады екен. Фатима апай өзіміздің ортаның адамы, оған сенуге болады деп көндірді. Жасы қырыққа жақындап қалған кісі екен. Бірақ денсаулығына байланысты біразға дейін үйленбей жүргендігін айтып, егер мен оның жары болсам, ислам бойынша барлық шарттарды орындайтынын жеткізді. Тіпті, біздің некемізге кәулік етіп, рұқсат ететін «уәли» ата-ананы да тауып қойғандығын айтты», - деді Жанардың жанары жасқа толып.

Жанардың өз ата-анасы намаз оқымағандықтан, некелерін шариғат бойынша «Уәли» ата-ана кесу керек екен. Жан жағындылардың Жанардың миын улағаны соншалық, жас қыз бірден келісімін берген.

«Менің өз ата-анам бар ғой. Бірақ олар намаз оқымайтын еді. Сондықтан біздің ортаның қабылдауы бойынша, ол кісілер «кәпірлерге» жатады. Ал намаз оқитын, біздің ахидадағы ерлі-зайыпты кісілер некемізге рұқсатын беріп, «уәли» ата-ана болатын болса, ол кісілер ақырет күнінде де бәрін мойнына алады. Бір жағы ислам қағидасы бойынша әйелдің бірінші міндеті – тұрмысқа шығып, бала тауып, күйеуіне қызмет ету. Сондықтан да мен ол кісіге тұрмысқа шығуға разылығымды бердім», - деді ол.

Қысқасы, Жанар туған әке-шешесінің қарсылығына қарамастан тұрмысқа шықты. Қалада пәтер жалдап тұрды. Оқудан шықты. Негізгі міндеті – үй шаруасы мен күйеуінің тамағы, оған күтім жасау болды. Жолдасы үнемі оған діни уағыздар айтып отырған. Әсіресе, әйелдің ерінің алдындағы парыздары туралы көп айтқан екен.

«Сен маған Алланың разылығы үшін тұрмысқа шықтың, мен саған Алланың разылығы үшін үйлендім. Сондықтан, сен менің бұйрығымды бұлжытпай орындауға міндеттісің. Егер жәннатқа барғың келсе, ең бірінші менің тілімді алуың керек» – деген мағынадағы сөздерді көп айтатын. Оның бұл талаптарының діни негізі болғандықтан, мен оларды дұрыс деп қабылдап, көңілінен шығуға тырыстым. Бір жағынан, бұл менің таным-түсінігіме қайшы келмейтін еді. Тек оның мемлекет, саясат, билік туралы көзқарасын онша түсіне бермейтін едім. Оның айтуынша, еліміздің заңдары «күпір» заңына жатады, сонымен бірге «тағұт», яғни шайтанның заңдары дейтін. Демек, мұндай мемлекетте тұратын азаматтар мен заңға бағынатындар шайтанның заңымен жүреді дегенді білдіреді екен. Сол себепті оларды ислам қағидалары бойынша өлтіруге рұқсат етіледі деп жиі айтатын», - дейді Жанар.

Сонымен қатар оның жиі айтатын әңгімесінің бірі: «Құранда Алла Тағала намазға, ораза ұстауға, зекет беруге, қажылық өтеуге бұйырған. Біз оларды орындаймыз. Сонда неге жиһадты орындамаймыз?! Жиһад жасау да Құранда бар. Жиһад – мұсылмандардың алтыншы парызы болып саналады» деген дәстүрлі дінге қарама-қайшы келетін дүниелерді жиі айтқан.

«Күйеуімнің жиһад туралы неге айтатынын түсінбей жүрдім. Бірақ сонда да үнсіз тыңдайтын едім. Күйеуім ерте кетіп, кеш келетін. Маған нақты қандай шаруамен айналысатынын ашып айтпайтын. Бар білетінім, оның телефондағы әңгімелерінен, өзінің «брат», «бауырларымен» бірге істейтін жұмысы болған. Онысын сауда-саттық деп ойладым. Кейбір күндері түнде үйге де қонбайтын еді. Сосын басқа қалаларға іссапарларға кетіп жүрді. Бастапқыда мән бермедім. Ер адамның ісі түзде деп түсіндім. Бірақ менің оған тым қатты сеніп қалғанымды өзім де сезбеппін. Не айтса да, әрбір сөзіне иманымдай сендім», - дейді Жанар.

Жанардың жарына деген сенімі ақталмады. Бір күні күйеуін құқыққорғау органдары тұтқындады. Олар Жанарға жолдасының басқа жұбайы мен бала-шағасы барын айтып берді.

«Онымен тергеу изоляторында жолықтым. Ол тағылған айыптардың жала екенін, оның «тағұт» заңына қарсы күрескендігін, қылмысты жасағанымен, оның ислам бойынша қылмыс емес екенін айтып бақты. Алайда оның заңға қайшы әрекет жасағаны анық еді. Ол аздай, оның басқа қаладағы бірінші әйелінен 4 баласының барын өз аузынан естігенде есімнен танып қалдым»,- осыншама алданғаныма ішім ашиды», - дейді Жанар.

Осыдан кейін, Жанар өтірік пен жалған көнбістікке бой алдырмайтын болды. Соқыр сенім соңында жүрген олардың өздерін мұсылманбыз деуі Жанарға сондай жиіркенішті көрінді. Сөйтіп, ол Фатима апайынан аулақ жүруді шешті.

«Өкінгеннен пайда жоқ, құрсағымдағы баламды түсіріп алдым.Қазір үйде отырып тапсырыс қабылдаймын. Бауырсақ, самса,торт пісіремін. Кешегі, бал-бұл жанған студенттік кезімдегідей жас қыз да емеспін. Кейде «енді мені кім алады» деп те ойлаймын. Бірақ Алла Тағаладан күдер үзбеу керектігін білемін. Бұдан кейін қанша жерден «ахи-бауырымыз» десе де, қадамымды мың ойланып барып басуды шештім», - деп Жанар әңгімесін аяқтады.

Ата дәстүрімізбен сабақтасып кеткен исламның қазаққа ешқашан жаттығы болмаған, болмайды да! Алайда табиғатынан ер адамды өзінен бір саты жоғары санап, өмірдегі тірегіндей көрген Жанар сияқты аруларымызды азаматтардың өздері түзу жолдан адастырмаса дейміз.

Соңғы жаңалықтар