Жасыл кітап, Ақ кітап: Заң шығаруда Ұлыбритания тәжірибесі енгізілуі мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әділет министрі Марат Бекетаев заңнама әзірлеу процесі қалай жетілдіріліп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін ведомствоаралық комиссияда Құқықтық құжаттар туралы ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, заңнамалық шығармашылықты дамыту, нормативтік-құқықық құжаттарды әзірлеу бойынша мемлекеттік органдардың жұмысын жетілдіру мәселесін талқылаймыз. Негізгі басымдық заң жобаларын белсенді талқылауға, тың амалдарға берілетін болады», - деді Марат Бекетаев халыққа есеп беру кездесуінен кейін тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.

Министрдің сөзіне сүйенсек, заң жобасының тұжырымдамасына дейін кез келген министрлік саланы қалай реттеу керектігі туралы амал-әдістерді білуі тиіс.

«Біз әртүрлі елдердің тәжірибесін сараптап көрдік. Олардың ең қолайлысы - Ұлыбритания тәжірибесі. Ол Жасыл және Ақ кітап тұжырымына негізделген. Жасыл кітап - министрлік проблеманы нақты талдап, өз ойын білдіретін амал. Бұл жұмысты жүргізу үшін сарапшылар тобы құрылып, нәтижеге жету үшін бірнеше ай бойы жұмыс жүргізеді. Министрлік жобаны БАҚ беттерінде жариялайды», - деді министр.

Марат Бекетаев мұндай заңдар жақын арада қабылданбайтынын да еске салды.

«Бұл дегеніңіз жалпы бағдар бар деген сөз. Жасыл кітап бір жылдан екі жылға дейін талқыланады. Қоғамның барлық бірлестіктерімен, азаматтармен бірлесе талқыланғаннан кейін осы жобаға бастамашылық еткен сарапшылар тобы қайта шақырылып, ақпарат талданып, жаңа құжат жарияланады. Ол құжат - Ақ кітап (біздің заң жобасы тұжырымдамасының баламасы). Осының негізінде заң жобасы әзірленеді», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар