«Жасыл ел» жастары Премьерге үндеу жолдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының республикалық штабы Премьер-Министр Асқар Маминге үндеу жолдап, мемлекеттік маңызы бар жолдар мен тұрғын үйлердің құрылысына қатысуға дайын екендіктерін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан жастары конгресінің және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының Республикалық штабы атынан ҚР Премьер-Министріне ресми үндеу жолданды. Ресми сауалға Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында биыл пайдалануға берілетін республикалық маңыздағы жолдардың көлемі артатыны туралы хабарлама себеп болды. Сондай-ақ Үкімет басшысы құрылыс маусымын уақытында бастауды, құрылыс қарқынын жеделдету мен жоспарланған тұрғын үй көлемін уақытылы пайданалуға беруді тапсырды», - делінген «Жасыл ел» мәліметінде.

Жалпы, бұған дейін жасылелдіктер «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі мен EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі нысандарының құрылысына, «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» республикалық марафон-эстафетасын ұйымдастыру жұмыстарына белсенді қатысқан еді.

Естеріңізге сала кетсек, 21 сәуірде Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері қаралған болатын. Онда Үкімет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне әкімдіктермен және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, осы жылы жоспарланған көлемнің уақытылы пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді, реконструкцияланған 5,7 мың шақырым учаскеде (Қапшағай – Талдықорған, Қызылорда – Шымкент – Тараз, Нұр-Сұлтан – Павлодар және т. б.) автомобиль жолдарында төлем жүйесін енгізу жұмысын аяқтауды тапсырды.

фото: www.facebook.com/groups
Соңғы жаңалықтар