Жасы зейнетке жақындаған 3 мыңға жуық адамға мемлекет жұмыс тауып берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға 649,6 мың адам қатысты. 412,5 мың адам жұмысқа орналасты. Оның 292,4 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жұмыс берушілердің өтінімі бойынша кәсіптік оқытуға 13,8 мың адам жіберілді.

Өз кәсібін бастау үшін 21,7 мың адам мемлекеттік грант алды.

Субсидияланатын жұмыс орындарына 168,4 мың адам орналастырылды.

Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарымен 14,5 мың, жастар практикасымен 28,4 мың, қоғамдық жұмыстармен 118,3 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 3,8 мың, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында 534 адам, «Күміс жас» жобасы аясында 2,9 мың адам жұмыспен қамтылды.

Сондай-ақ қызмет саласын таңдау мақсатында 143,6 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті.

Еске салайық, бұған дейін халықты жұмыспен қамтуға арналған шаралар Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. 2021 жылы бағдарламаға 651,8 мың адам қатысты.

Еске сала кетейік, келер жылдан бастап жасы 50-ден асқан адамдарды жұмысқа алған компанияларға субсидия беріледі.

ҚазАқпарат «Күміс жас» жобасы арқылы 50 жастан асқан адамдарды жұмысқа алу тәртібін түсіндірген болатын.


Соңғы жаңалықтар