Жасы 70-тен асқан зейнеткер ЭКСПО-да ерікті болып жұмыс істейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне жұмылдырылған еріктілерге жас мөлшері бойынша еш шектеу қойылмайды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Астана қаласы әкімдігі Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Асхат Ораловтың айтуынша, еріктілер арасынан жастарды да, қарттарды да кездестіруге болады.  «Еріктілердің жүзге жуығы ересектер мен зейнеткерлер. Арнайы форма алған еріктілер жұмысқа сақадай сай. Ең үлкен ерікті 70-тен асқан зейнеткер. Ең жасы 15-те, ол Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды. 18 жасқа дейінгі барлық еріктілерді тек ата-аналарының рұқсатымен ғана қабылдадық», - деп атап өтті А. Оралов.

Сонымен бірге, әкімдік өкілі еріктілер құрамының жасы ғана емес, ұлттық белгілерінің де әр түрлі екенін хабарлады.

«Еріктілер құрамында тек қана Астананың ғана емес, шетелдік студенттердің де бар екенін атап өткім келеді. Мәселен, шет мемлекеттерде оқитын болашақ студенттері бар. Қытайда білім алып жатқан, қытай және ағылшын тілдерін еркін меңгерген 24 студент шілде айында Астанаға келеді және тамыз айында оларға тағы 59 адам қосылады. Оған қоса, Миландағы ЭКСПО-да ерікті болған 12 италиялық азамат өтінім берді, олар маусым айының соңында келеді», - деді ол.

Жалпы көрме жұмысына ерікті болуға үш мыңнан астам астаналық студенттер өтініш білдірген. Олардың арасынан кемінде үш тіл білетін 1500 ерікті іріктеліп алынған.

Айта кетейік, ЭКСПО-2017 көрмесінде 6 мыңнан астам ерікті жұмыс істейді. 4500 ерікті көрме аумағында, 1500 ерікті әуежай, темір жол вокзалы, жедел мамандандырылған қызметтер, мәдени нысандар, қонақ үйлер сынды қаланың маңызды нысандарында жұмыс істейді. Қала еріктілері арасындағы ең белсенді 20 студент қала әкімдігінің бір жылдық оқу грантын иелене алады . 

Соңғы жаңалықтар