Жастайынан «Марадона» атанып кеткен қарт футболшы 70 жасқа толды

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Сауран ауданының орталығындағы Шорнақ ауылында «Марадона» атанып кеткен спорт ардагері тұрады. Жастайынан доп теуіп, футбол ойнап өскен оның шын есімі Ерген Найманбаев. Спорт шеберіне бұл атақты ойынына тәнті болған жерлестері мен жанкүйерлері берген.

Ерген Ибрайымұлы - Шорнақ ауылының тумасы. Жергілікті жердегі мектепті бітірген соң, Алматы қаласында жоғары білім алды.

Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығын меңгеріп, туған жерге қайта оралды. Сол сәттегі бозбала бала күнгі арманы футболшы болуға барын салды.

Ауылдан команда жасақтап, көршілес аудандарда ойын көрсетті. Жеңімпаз атанып, жүлделі орындарды иеленді.

Ептілігін байқаған жаттықтырушылар өзге командалар атынан ойын көрсетуге шақырды.

«Түркістандағы кәсіпорындар атынан ойынға шығатынбыз. Кейін теміржолдың «Локомотив» командасының құрамында ойнадым. Одан Қызылорданың «Қайсар» командасына ауыстым. Ол жақта 10 жылға жуық еңбек еттім. Содан туған жерге оралып, балаларды спортқа баулып жатырмын»-дейді ардагер спортшы.

Бүгінде 70 жасқа толған ақсақал жастармен бірге әлі де доп теуіп тұрады.

Ардагерлер арасындағы жарыстарға қатысады. Шәкірт тәрбиелеп, ауыл балаларына футболдың қыр-сырын үйретеді.

«Үйірмеге балаларды ауылды аралап жүріп таңдаймын. Ебі барларын спортқа шақырамын. Балалар жаттығуға үлкен құлшыныспен келеді. Баршасының ынтасы жоғары. Ал, жағдай болмағандықтан кейін көпшілігі бір-екі ай өткен соң спортты тастап кетеді. Сондықтан ауылды жердегі спортты дамытуға үлкен жағдай жасау қажет. Ол үшін заман талабына сай спорт зал керек»-дейді ол.

Ерген Ибрайымұлы мүгедектерге арналған облыстық «Сауран» спорт клубында да қосымша жаттықтырушылық қызмет атқарады. Мүмкіндігі шектеулі жандарды отырып ойнайтын волейболға баулиды.

«Бала кезімде доп әпермесеңдер қозы кезекке шықпаймын деп жылайтынмын. Кейін анам Алматыдан доп әкеліп берді. Содан түнімен ауыл балаларымен футбол ойнап өстік. Қазір соның жемісін көріп отырмын. Соңғы кезде аяғымды ауыртып алғандықтан, жарыстарға қатыса алмай жүрмін. Ал, шәкірттерім сенімді ақтап жатыр. Баршасының ынтасы жақсы. Жақсы ойын көрсетіп, жеңімпаз атанып жатыр. Біз паралимпиада чемпионы атану үшін ғана емес, өңірдегі жігерлі тұлғалардың өмірге деген құштарлығын ашу мақсатында еңбек етудеміз. Соның өзі үлкен жетістік», - дейді Марадона ақсақал.


Соңғы жаңалықтар