Жастары жиі төбелесетін Сағыз ауылында 50 бейнекамера орнатылады

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Жастары жиі төбелесетін Сағыз ауылында 50 бейнекамера орнатылады. Екі көпір, жаңа мектеп, полиция бөлімшесінің ғимараты салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сағыз – Қызылқоға ауданындағы ірі ауылдық округтің бірі. Округте 8 211 тұрғын бар. Мұнда 3 мектеп, Қызылқоға аграрлық-техникалық колледжі, 2 балабақша, 1 дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі жұмыс істейді.

Округ тұрғындарымен кездескен облыс әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, ауыл ортасымен ағып өтетін Ноғайты өзенінің үстінен екі көпір салынады. Оның бірінің құрылысын маусымда бастау көзделген. Ал, екінші көпірдің жобалық-сметалық құжаттамасын жасау жоспарланған.

«Қазір Сағыз ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен жаңа спорт кешені салынып жатыр. Былтыр басталған құрылыс жұмыстары алдағы тамызда аяқталуы тиіс. Алайда, мердігер «SCS Инжиниринг» ЖШС жұмысты мезгілінен кешіктіріп отыр. Қазір нысанның құрылысы 33%-ға аяқталған. Сол себептен, құрылысты тездетуді, ал жауапты басшыларға жұмысты қатаң қадағалауды тапсырдым. Егер бір жарым айдың ішінде бұл жұмыс тиісті нәтижесін бермесе, мердігер мекемемен арадағы келісімшарт бұзылады», - деді Серік Шәпкенов.

Ауылға ауыз су «Кереген-Сағыз-Жамансор» топтық су құбырынан алынады. Тәулігіне 2 400 текше метр су айдайтын мұнара орнатылған. Ылди беткейдегі мұнара 700 текше метр су айдап тұр. Сол себептен, қосымша 2 су қоймасын, ауылішілік желі мен биік жерден су мұнарасын салу жоспарланған.

«Сағыз ауылында қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін биыл 50 бейнебақылау камерасы орнатылады. Полиция бөлімшесінің жаңа ғимаратын салу жоспарланды. Ауыл тұрғындарының игілігі үшін инфрақұрылымды дамытып, әлеуметтік нысандарды көптеп салуға көңіл бөліп отырмыз. Келер жылы «Жайлы мектеп» пилоттық жобасымен 600 орындық мектептің құрылысын басталады», - деді Серік Шәпкенов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында ауыл жастарының арасында атыс болғанын, жарақат алған бір адам ауруханада көз жұмғанын жазған едік. Кейін алқабилер осы қылмысқа қатысы 21 адамның қылмыстық ісіне шешім шығарды.


Соңғы жаңалықтар