Жастарға жалға берілетін баспана: Елорданың қай аудандарынан пәтер таратылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тұрғын үй қорының директоры Нұрсұлу Қожахметова жастарға сатып алу құқығынсыз, жалдамалы пәтерлер елорданың қай аудандарынан берілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің басты шарттарымыз қандай? Ең алдымен, азаматтарға ыңғайлы болу үшін осы бағдарламаны электронды түрде жүргізуді жөн көрдік. Өтінім Smart Astana порталы арқылы электронды түрде қабылданады. Жалдамалы үйден үмітті болсаңыз Smart Astana порталында ЭЦҚ арқылы онлайн режімде өтініш жібере аласыз. Өтініш бергеннен кейін біз оны өңдейміз. Өңдеу уақыты бірнеше күнді алады. Осыдан кейін өтінім берудегі кемшіліктерді жою үшін сізге бір күн береміз. Егер сіз тізімде бір нәрсені ұмыт қалдырсаңыз немесе нақты мәртебеңізді, деректерді нақтылағыңыз келсе әр үміткерге құжаттарды толықтыруға бір күн береміз. Сондай-ақ, ол да электронды тәртіпте жүргізіледі», - деді Нұрсұлу Қожахметова елорданың баспасөз орталығында өткен брифингте.

Оның айтуынша, Нұр-Сұлтанда биыл биыл бір және екі бөлмелі 1050 пәтер беріледі (30-70 шаршы метрге дейін). Құрылыс басқармасының мәліметі бойынша, жастарға 202 екі бөлмелі және 848 бір бөлмелі пәтер тапсырылады.

«Қатысушылардан мынаны ескеруді сұраймын: әр отбасының құрамы әр түрлі, сондықтан мәртебесі де әрқалай болмақ. Көпбалалы болсаңыз да, үш бөлмелі пәтердің берілмейтінін, тек бір және екі бөлмелілер таратылатыны ескеру керек. Тұрғын үй сатып алу, ұзарту құқығынсыз бес жылға беріледі. Яғни, бес жылдан кейін біз сізден осы тұрғын үйді босатуды сұрауға мәжбүр боламыз, өйткені біз бұл пәтерлерді басқа жастарға береміз. Баспаналардың жалдайтын ақысы айына 5-тен 15 мың теңгеге дейін болады. Бәрі де үйдің шаршы метріне байланысты. Біз дайын тізімді осы жылдың 10 желтоқсанынан кешіктірмей орналастырамыз. Баспаналар желтоқсан айында беріле бастайды», - деді ол.

Нұрсұлу Қожахметованың айтуына қарағанда, баспаналар Ш.Уәлиханов-С.Сейфуллин көшесінің қиылысында («Артем» СО маңайы), Бөгенбай батыр мен Ә.Жангелдин көшелерінен беріледі. Бір бөлмелі пәтер ауданы 30-45 шаршы метр болса, екі бөлмелі 46-70 шаршы метр аралығында. Бәрі де – жаңа пәтерлер.

«Заң бойынша біз аяқталмаған үйді бере алмаймыз. Жиһазды жастарды өздері сатып алуы керек», - деді ол.

Айта кетсек, 5-10 қараша аралығында елордада жұмыс істейтін жастардан сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер бойынша өтініш қабылданады.

Соңғы жаңалықтар