Жастарға жалға берілетін баспана бойынша қандай жағдайларда шарттың күші жойылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-сұлтан қаласы әкімдігі Тұрғын үй қорының баспасөз хатшысы Арманай Қабдешова «Жұмыс істейтін жастарға арналған сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы бойынша қандай жағдайларда шарттың күші жойылатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы пәтерді алғаннан кейін, оны басқаларға жалға бере алмайсыздар. Келісімшартта бұл талаптар көрсетілген. Құжатта келісімшартты мерзімінен бұрын тоқтатуға құқық беретін үш жағдай бар. Біріншісі – аталған баспананы үшінші адамдарға жалға бергені үшін», - деді А. Қабдегова елорда әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, тұрғын үй қорына мониторинг жүргізу бөлімі бар. Олар жалға берілетін тұрғын үйлерді тексеретін болады. Қызметкерлер шартты сұратып, отбасы құрамын қарайды. Егер пәтер басқа біреулерге жалға берілсе, онда тиісті акт жасалып, осы тектес кемшіліктерді жоюға 5-7 күн беріледі. Осы мерзімде талаптар орындалмаса, сот тәртібімен келісімшарттың күші жойылады.

«Екіншіден, ешбір себепсіз 6 айдан астам уақыт жалға алу төлемі жасалмаса да шарт бұзылады. Үшіншіден, жалға алудың бес жылы ішінде сіз жылжымайтын мүлік алсаңыз, яғни жеке баспананы ертерек сатып алуға мүмкіндік болса», - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2020 жылы елордада жұмысшы жастарға 350 пәтер беріледі.

1-6 желтоқсан аралығында «Жұмыс істейтін жастарға арналған сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы бойынша құжат қабылданады.



Соңғы жаңалықтар